Бүгінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр
Боксшы Бейбіт Шүменовке шара қолданбаған полиция қызметкері жауапқа тартылады. Бұл туралы бүгін Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқиға 18 маусымда Астанада болған. Танымал боксшы ойын-сауық орталығында жанжал шығарып, қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан.
ІІМ вице-министрі ер адамға қол көтерген Бейбіт Шүменов екенін растады.
Иә, сол (боксшы Бейбіт Шүменов) екенін растаймыз. Қазір жұмыс істеп жатырмыз. Бұзақылық дерегі бойынша іс қозғалды, - деді Қайрат Сүнтаев Үкімет отырысынан соң.
Сондай-ақ вице-министр істі уақытында тергемей, кәсіпқой боксшыны жазасыз қалдырған полицейдің өзі жауапқа тартылатынын атап өтті.
Қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Ол қатаң жазаланады. Жақында министр бұл мәселені көтерді, - деді ол.
Қайрат Сүнтаев төбелес кезінде баланың зардап шекпегенін жеткізді.
«Жоқ, бала зардап шекпеген. Бірақ жәбірленуші (боксшыны) қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр», - деді вице-министр.
Сөз соңында ол төбелес кезінде Бейбіт Шүменовтің ішімдік ішпегенін, сау болғанын айтты.