Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы ол айғайды түсінбейді де, біреу аударып берсе де түсінгісі келмейді
Белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының Риддер қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебінің ескіріп, апатты жағдайда тұрғаны жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдағанын айтты.
Ол қаладағы «Шаңырақ» мектебінің екі ескі ғимаратта орналасқанын, оның біреуі 1936 жылы санылса, екіншісі 1985 жылы бой көтергенін айтып, екеуі де апатты жағдайда екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысында Риддер деген қала бар. Қала деген статусына қарап-ақ кемінде қанша халық тұратынын сезуге болар… Сол қалада жалғыз қазақ мектебі бар. Екі ғимаратта оқиды. Біреуі 1936 жылы, біреуі 1958 жылы салынған. Бірі әуелде мектеп болуға емес, пионерлер үйіне арналып салынған. Енді 87, 65 жыл болған ғимараттардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Апатты жағдайда! – деді ол.
Оның айтуынша, жақында жаңа мектеп салынады деген хабар шыққан. Алайда қазақ мектебіне балаларын беретін ата-аналардың көңілі су сепкендей басылған. Өйткені ол аралас мектеп болып ашылған.
Аралас деген – аты, әйтпесе орыс сыныбында 150-ге жетпейтін оқушы ғана бар. Ол 150 оқушыны қаладағы кез келген орыс мектебіне сыйғыза салуға болады. Бірақ ана жағдайда қақырап жатқан қазақ мектебіне тұтас жаңа мектепті беруге қимаған. Қазақтар қинала берсін, апатты мектепте оқи берсін дейтін шығар… Бүгін Риддердегі сол мектептің ата-аналары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасапты. Үміт қой енді, – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Оның пікірінше, облыстық білім басқармасының басшысы үндеуге пысқырып та қарап жатқан жоқ. Себебі мүлде қазақ тілін білмейтін басшыға тұрғындардың жанайқайы керек емес.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы ол айғайды түсінбейді де, біреу аударып берсе де түсінгісі келмейді. Себебі мүлде қазақ тілін білмейтін басшының жаны да, қаны да қазақ емес. Оны тағайындап кеткен Ахметов, ал қазіргі облыс әкімі – Ресейде елші боп келген кісі, елші болған жағына қарап алаңдауы мүмкін… Риддерде таза қазақ мектебін ашуға, мына суреттегі 1936 жылы салынған ғимаратта қалай бала оқиды деп ойланып үлгермеген секілді, – деді жазба авторы.
Осы ретте ол Оқу-ағарту министрлігінің қазақтілді тұрғындардың мәселесін шешуге 4 айдан аса уақыттан бері асықпай келе жатқанын айтып, енді проблемаға президенттің өзі араласпаса, қазақ мектебінің жағдайы өте қиын болатынын айтты.
Біздің министрлік бұндайда керең бола қалады. Әйтпесе, Риддер шулағалы төрт айдан асты. Министрде қазірге үн жоқ. Үндемейтін де шығар. Ең соңғы үміт президентте… Президент өткен жылы сұраныс қай тілде болса, мектеп сол тілде ашылсын демеді ме, енді сонысын Шығысқа қарап бір қайталап жіберсе, мәселе шешілер еді, – деді ол.
Ал тұрғындардың президентке үндеуінде қаладағы жалғыз қазақ мектебіне қатысты көп проблема айтылған. Олардың айтуынша, жоғарыдағы басты мәселемен қатар, «Шаңырақ» мектебі ғимараттарының арасы тым алшақ. Оқушылар мен мұғалімдер сабақ арасында үлкен екі көшемен жүріп қатынайды.
Ал жоғарыда сөз болған аралас мектепке келсек, Риддерде былтыр жаңа мектеп салынған. Бұл мектептің учаскесі 2008 жылы «Шаңырақ» мектебіне ғимарат салуға бөлінген. Бірақ 2019 жылы шешім өзгеріп кеткен. Тұрғындар учаскенің аралас мектепке берілгенін былтыр мектеп ашылған кезде ғана бір-ақ білген.
Қолда бар дерекке қарағанда, қазір апатты жағдайда тұрған қаладағы жалғыз қазақ мектебінде 550 оқушы оқиды. Ал жаңадан салынған аралас мектептің орыс сыныбында 150 бала оқитын көрінеді.
Біз қаладағы барлық 16 мектеп қазақ тілінде оқытсын демейміз. Жері мен қаражатын «Шаңыраққа» бөлген, бірақ артынан түсініксіз саясатпен аралас болып кеткен мектепті өз иесіне қайтаруды сұраймыз, – дейді үндеудің авторлары.
Ал Риддер қаласы әкімінің орынбасары Әсем Ағажаеваның айтуынша, мектептің қай тілде білім беретінін облыстық білім басқармасы шешеді.
Тұрғындар жыл басында да қаладағы жалғыз қазақ тілінде оқытатын мектеп мәселесін айтып, жаңа ғимарат салып беруді сұрағанда Риддер қаласының әкімдігі мектептің апаттық жағдайда деп танылмағанын, сондықтан жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін хабарлаған.
Жалпы, бұл Риддер қаласындағы 16 мектептің ішінде жалғыз қазақ мектебі бар. 12 мектеп – орыс тілінде, 3 мектеп аралас оқытады.
Риддер – Шығыс Қазақстандағы көлемі жөнінен екінші ірі қала. Қалада 56 мыңнан аса халық тұрады.