Рауан Кенжаханұлымен сұқбат: ҮРО-ға мүше қазақстандық кәсіпкерлер Singularity университетінің арнаулы бағдарламасына қатысады

Айнұр Шошаева

ҮРО-ға Қазақстанда кімдер мүше, оның талаптары қандай?

Рауан Кенжеханұлы

YPO-ға мүше қазақстандық бір топ бизнесмен Кремний алқабындағы Singularity University базасында оқуға, тәжірибе алмасуға, серіктестік орнатуға бара жатыр. Олар құрылыс, ІТ, агро, медицина, қаржы, коммуникаиця, трейдинг саласы бойынша білімін жетілдіріп, жинаған тәжірибесін Қазақстанда жүзеге асыру үшін аттанып барады. Сан-Францискоға аттанған бизнесмендердің көшін бастап бара жатқандардың бірі - қоғам белсендісі, әлеуметтік кәсіпкер Рауан Кенжеханұлымен АҚШ-қа сапар алдында аз-кем әңгімелестік.

- ҮРО Қазақстан деген не? Ол Қазақстанға не үшін қажет?

- Бұл кәсіпкерлердің халықаралық қоғамдық ұйымы. Құрылғанына 70 жылдан асқан. Негізгі мақсаты – ел мен қоғамға пайдалы болғысы келетін кәсіпкерлерге оқуға, үйренуге мүмкіндік жасап, сол арқылы дамуына жол ашу. Кезінде АҚШ-та қоғамдық ұйым ретінде құрылған, қазір 150 мемлекетте 30 мыңға тарта мүшесі бар. Ұйымға түрлі саладағы кәсіп иелері, бизнес немесе оны басқаратын топ-менеджерлер мүше. Олар бір-біріне сенеді, бір-бірінен үйренеді, көп елдегі ортақ мүмкіндіктерді пайдаланып, бірге оқып-үйренеді. Әр елдегі бұл ұйымның бөлімшесін «чаптер» деп атайды, «Қазақстандық чаптер» 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қазір 40-қа тарта мүшесі бар. ҮРО-ға мүше кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар өтеді. Мысалы, Қазақстанда жыл сайын жастар форумы, оқу-ағартушылық, мәдени бағыттағы және әрине кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шаралар өтеді.

- Ұйымға кімдер мүше бола алады және олар қалай іріктеледі?

- Ұйымға 45 жасқа дейінгі кәсіпкерлер мүше бола алады. Ықтимал мүшелер кәсіпкерлік тәжірибесін растауы тиіс. Бұлар қолданысы мен сұранысы бар шынайы бизнес екенін көрсетуі керек. Мемлекеттік немесе мемлекет үлесі бар компаниялар кірмейді. Репутациясы, яғни өз ортасында беделі жоғары кәсіпкерлер іріктеледі. Жалпы, кез келген кәсіпкер қатысу үшін өтініш бере алады. Тек оларға қойылатын талаптар бар. Атап айтқанда, бизнесінің көлеміне, қызметкерлерінің санына, оларға төленетін айлық көлеміне қарайды. Әрі ол төлемдер заңға сәйкес, ашық болуы тиіс. Оны растау үшін аудит өтеді. Егер осы талаптарға сай келсе, үміткер дауысқа салынады. Қолдау тауып, қатарға қосылған адам, біріншіден, кәсіпкерге қажет мол ақпарат пен білімге қол жеткізеді. Екіншіден, YPO отбасы құндылықтарын аса жоғары бағалайды. Ұйым аясында мүшелер бір-бірімен отбасы болып араласады. Жұбайлары мен балаларға арналған оқы бағдарламалары, шаралар бар. Үшіншіден, әрбір адам жеке тұлға ретінде ұдайы өсуі тиіс. Ұйым осы үш бағыт бойынша мүшелеріне көмектеседі.

- Ұйымның тұрақты төрағасы жоқ. Басшысы жыл сайын ауысып отырады екен. Қандай тәртіппен таңдалады?

- Жыл сайын мүшелердің арасынан дауыс беру арқылы жаңа төраға сайланады. Мұндағы төрағалық әрине зор мәртебе, бірақ одан бұрын үлкен жауапкершілік пен көп ықылас және уақыт талап ететін қосымша, тегін жасалатын жұмыс. Бұл ұйымның ерекшелігі – келісілген жұмысты, шаралардың бәрін атқаратын ұйым мүшелерінің өздері. Мысалы, Америкаға сапарды ұйымдастырып жатқан ұйымға мүше төрт адам. Ондай міндетті мойнына алған адамдарды «чемпион» деп атайды. Әр шараның чемпионы бар. Жалпы, ұйымның басты тәртібі - сен қаншалықты ұйымға бересің, соншалықты аласың. Ұйымның қалыптасқан беделі, платформасы бар. Қандай шара өткіземіз деп ұсыныс беретін де өзі, іс жүзінде өткізетін де - өзі. Неғұрлым көп жұмыс істесең, соғұрлым ұйымға әкелетін пайдаң көп. Сол арқылы өзің де үйреніп, өсесің.

- Ұйым елдегі кәсіпкерлік саласындағы проблемаларын шешуге атсалысады ма? Мәселен, тәуекелдерді анықтап, шешу жолдарын ұсыну сияқты...

- Әрине, мамандардың барлығы түрлі индустриядан келгеннен соң, өз саласындағы проблемаларды жетік біледі. Мысалы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ІТ-саласында жүргендер бар. Барлығымыз да осы саладағы саясатты және даму бағыттарын анықтайтын мекемелермен тығыз байланыстамыз. Оларға шамамыз келгенше өз бағыттарымыздағы негізгі меселелерді айтып, шешу жолдарына қатысты ұсыныс береміз. Мәселен, банкирлер банк саласы бойынша Ұлттық банкпен жұмыс істейді. Қазіргі дағдарыс кезінде қандай қолдау, көмек керек немесе саясатты анықтауда пікір қосып отырады. Ауыл шаруашылығы да солай. Қазақстандағы ең ірі құрылыс компанияларының басшылары осы ұйымға мүше. Олар құрылыс бойынша ұсыныстарын айтады. Біз білім және цифрландыру министрліктерімен тұрақты байланыстамыз.

- Ұйымның Қазақстандағы өкілдері АҚШ-қа жол жүргелі отыр. Отандық кәсіпкерлер Кремний алқабына қандай мақсатпен бара жатыр?

- ҮРО-ның халықаралық беделі жоғары болғандықтан әлемдегі ең ілгері, қазіргі технологияларға, кәсіпкерлікке бағыт беріп отырған ұйымдар онымен бірге жұмыс істеуге ашық. АҚШ-тағы Кремний алқабы - цифрлық трансформацияның жүрегі. Ол жерде әлемге танымал мамандардың бастамасымен кезінде Singularity University құрылған. Ол университеттің мақсаты – өмірді, бизнесті  өзгертіп жатқан трендтерді анықтау, қоғам мен бизнеске әсер ететін технологиялық жаңалықтарды анықтап, зерттеу, дәстүрлі бизнесте жүрген ұйымдарға сол технологияларды дұрыс пайдалануға көмектесу. Экспоненциалды технологиялар, конвергенция деген ұғымдар бар. Соның аясында қаржы, бизнес, жұмыс, медицинаның болашағы, адам өмірін ұзартудағы технологиялар, ауыл шаруашылығындағы жаңалықтар, яғни қазір технологияның салдарынан өзгеріп жатқан барлық салаларда болған жаңалықтарды зерттеп, оны тиімді пайдалану және оған бейімделі жолдарын көрсетеді.

- Сапардан не күтесіздер? Елдегі дамымай жатқан қай саланы ілгерілетуі мүмкін?

Сапар аясында бес күн бойы Singularity University-де 20 шақты сессия болады. Сол маңайда жұмыс істейтін алдынғы қатарлы венчурлық қорлар, түрлі стартап, бастамаларды қаржыландыратын қорлар бар. Солармен кездесу болады. Бір жағынан өзімізді таныстыру болса, екінші жағынан, Қазақстанға инвестиция тартуға жағдай жасау. Үшіншіден, технологиялық орталықтар бар. Мысалы Plug and Play Tech Center, StartX акселераторы, ғимараттарды 3D принтермен салып жатқан Mighty Buildings компаниясын және т.б. аралап көреміз. Басшыларымен танысып, тәжірибесін қараймыз. Оларды Қазақстанға әкелу мүмкіндігін немесе оларды дамытуға біздің бизнестің араласу мүмкіндігін талқылаймыз.

Бірақ, бірінші кезекте оқу үшін барғалы отырмыз. Екінші кезекте іскерлік байланыстарды күшейту үшін. Бір жағынан Қазақстанға ақша тарту, екінші жағынан қазақстандық бизнестің сол жердегі технологиялық жаңалықтарға араласуына жол ашуды қарастырамыз. Қазақстаннан 50-ден аса адам қатысады. Оның ішінде Kusto Group, AQ Group, Bi Group, AlemAgro, Choco Holding сияқты отандық компания бар. Шын мәнінде өте үлкен топ. Біздің тараптың өтініші бойынша, қажеттіліктерімізді ескере отырып арнайы оқу бағдарламасы әзірленді. Ол қазіргі кездегі барлық өзекті бағыттарды қамтиды. Әрине, тиісті мемлекеттік органдарға хабарладық. Біздің топқа Цифрландыру министрлігінің бірінші вице-министрі қосылып бара жатыр. АҚШ-тағы елшілік те қолдады. Бірақ қаржыландырып отырған мемлекет емес. Оны ашып айту керек, кәсіпкерлер өз ақшасына барып оқиды.

- Ұйымның Қазақстандағы әлеуетін қалай бағалайсыз?

- Әлеуеті өте жоғары. Соңғы жылдары ұйым тез дамып, жаңа мүшелер кіріп жатыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын 15 шақты мүшесі болған еді. Қазір 40-қа жетіп қалды. Өткізетін шараларымыздың ауқымы кеңейді. Алдыңғы жылы әлем бойынша 150 мемлекеттің ішінен платина деңгейін алдық. Оны белсенділік пен қарқынды өсу үшін береді. Мұны үлкен жетістік деуге болады. 2025 жылға дейін ұйым мүшелерінің санын 100-ге жеткізгіміз келеді. Бірақ тез өсеміз деп сапаны жоғалтқымыз келмейді. Мүшелерінің санын 100-ге толтыру мақсаты біздің тұйықталып қалмауымызға жағдай жасайды. Бұл жерде сапаны мен құндылықтарды сақтауды естен шығармау керек. Сондықтан қатаң іріктеу жүргізіледі. 10 жыл дегеніміз аз уақыт емес. Айта кетейік, ұйым болған соң оның тәртібі, міндеті мен мақсаты болады. Ұйымға сырттан ақша келмейді, мүшелерінің жарнасына арқа сүйейді. Ол жарна мүшелік үшін емес, ашылатын  мүмкіндіктер үшін төленеді. Біз тек өзіміз үшін ғана емес, қоршаған орта мен қоғам үшін де жұмыс істейміз. Әрқайсымыз қоғамға не бере аламыз, елдегі адам капиталына қалай ықпал ете аламыз,  шешім қабылдау сапасына қалай оң әсер етеміз деген сұрақтар ұдайы назарда.