×

«Әкем мектеп бітірерде айтты». Ахмет Байтұрсынұлының жиен қарындасымен сұқбат

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

 Халық үні 27.04.2022 | 21:02
фото: Манаш апаның бата беріп тұрған сәті

Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жиен қарындасы Қызылорда қаласында тұрады. Кейуананың есім-сойы – Манаш Өтегенқызы. Абыз ана қазір 88 жаста. Ол Байтұрсынұлымен жақындығын бұрын-соңды еш жерде жария етпепті. Мұның себебін Halyq Uni тілшісі сұқбат барысында сұрап білді.

- Амансыз ба, апа. Бақуаттысыз ба?

- Қартайған адамда не хәл болсын, күнелтіп отырмыз да.

- Жаңа келініңізге хабарласқан журналист жігітпін ғой. Сізді асылдың сынығы деп арнайы іздеп келіп отырмыз.

- Ой, айналайын, осындай адам бар екен деп, іздегендеріңе рақмет.

- Шыны керек, жақында Сіз туралы бір ортадан естіп қалып, өзіңізбен дидарласуға асықтық. Расымен, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туысысыз ба? Осыны тарқатып айтып берсеңіз.

- Туыс болмағанда ше, мына жасымда құр желігіп нем бар?! Ахметтің әкесі Байтұрсынның Қанапия деген ағасы болған. Ол кісінің бір қыз, бір ұлы болыпты. Ұлының есімі – Ешімхан, ал қызы менің анам – Ұлжан. Яғни, мен Ахметтің жиен қарындасымын.

- Бірақ сіз туралы бұрын еш жерден естімеген едік...

- Иә, ұл-қызым мен келіндерімнен басқа ешкімге ашық айтқан емеспін. Өйткені әке-шешемнен көп тыйым болды. Сол санамызда сақталып қалған.

- Ұлт ұстазымен туыстығыңызды не үшін айтқызбаған сонда?

- Ол былай, ата-анам Ахметке туыс болғаны үшін көп қиындық көрген жандар. Әкем (Өтеген) мен анам (Ұлжан) Қостанай облысы, Торғай ауданы, Ақкөл деген ауылда туған. Сонда тіршілік кешкен зиялы кісілер. Бірақ Ахмет қудалауға ұшырағанда ол кісілерге де тықыр таянған екен. Әке-шешем 1930 жылы бір түнде арып-ашып Торғай топырағынан Сыр өңіріне қоныс аударыпты. Оларға Ахметтің жора-жолдастары қол ұшын созған. Сол кездегі тақсірет олардың бойына үрей боп жабысқан болар, беріге дейін маған да тіс жармады.

- Сонда сіз Ахметпен туыс екеніңізді қай кезде білдіңіз?

- Ата-анам Сыр өңіріне 1930 жылы қоныс аударды демедім бе. Ал мен 1934 жылы осында дүниеге келіппін. Әлі есімде, кішкентай кезімде «Неге Қызылордада біздің туысқандарымыз жоқ?» деп әке-шешеме жиі сұрақ қоятынмын. Расында мұнда ет жақындарымыздың болмағанына қатты ызам келетін еді. Олар әлі бала деді ме, үнсіз тынып жүрді. Тек мектеп бітіретін кезде әкем оңаша шақырып алып, бар жайды ашық айтып берді. Ол кісінің «Қызым, сен туысым жоқ деп налыма. Біз Торғай өңірінің тумасымыз. Ахметті халық жауы деп қудалағанда біздің де соңымызға түсті. Қайта көрер жарығымыз бар екен, амалсыз осында бой тасаладық» дегені әлі де құлағымда жаңғырып тұр.

- Демек, бұл ақпарды естігеніңізге де көп жыл өткен екен ғой. Ата-анаңыздың солақай саясаттың кесірінен Байтұрсыновтан бойын алыс ұстағанын түсіндік. Ал Сізде ұлт ұстазының ұрпағымын деп мақтан етіп айтардай мүмкіндік болды емес пе?!

- Әкем 1972 жылы, ал анам 1996 жылы дүние салды. Өзің білесің, алаш арыстары одан кейін ақтала бастады. Үлкендер кеткен соң «мен Байтұрсыновтың жиенімін» деп жарияға жар салатындай қолымда құжат жүзінде дәлел болған жоқ. Өзім де пысықтық танытып ізденбедім. Тек әкемнің айтуымен атақонысқа барып қайтқаным бар. Айтпақшы, Алматыда тұратын үлкен немерем Марат Ұлжан әжесінің көзі тірісінде Ахмет туралы естелігін сөзбе-сөз жазып алған екен. Ол бізге қарағанда ондайға жақсы. Қажет болса сол естелігін көрсетейін.

- Ата-анаңыздың Сыр өңіріне бір түнде көшіп келгенін айтып қалдыңыз. Маған қызық болып тұрғаны, ол кісілердің Қызылордаға қоныс аударғаннан кейінгі тұрмысы қалай болды екен?

- «Халық жауының туыстарының» жайы қалай болсын? Олар мұнда келгеннен кейін де біразға дейін қуыстанып тіршілік кешкен. Қайта Ахметтің үзеңгілестері кішкене бір үй тауып беріп, соны паналапты.

Әкем Өтеген өте зиялы кісі болатын. Сондықтан оны Ахмет Байтұрсынұлы жақын тұтып, інісіндей көреді. Екеуі Орынбордағы мектепте бірге оқыған. Кейін Ахмет көкем «Қарындасым саған аманат, деп, Ұлжан анамды әкеме өзі тапсырған екен. Сосын олар отау құрып, шаңырақ көтерген.

- Өте қызықты ақпар екен. Бауырларыңыз бар шығар?

- Әке-шешемнің тұңғышы - мен. Негізі бір құрсақтан өрбіген 8 ағайынды едік – 4 қыз, 4 ұл. Алайда 5 бауырым келместің кемесіне мініп кетті. Қазір 2 сіңлім ғана бар, олар Алматы қаласында тұрады.

- Өз отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз….

- Жолдасым Хамидулла ертеректе қайтыс болды. Екеуміз де білім саласында еңбек еткенбіз. Алты ұл-қыз өсірдік, қазір Қызылордада бір ұлым мен бір қызым бар. Қалғандары Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Өкінішке орай, бір ұлым дүниеден озды.

- Әңгімеңізге рақмет, апа. Деніңіз сау болсын!

- Сол денсаулық құрғыр күннен күнге нашарлап бара жатыр. Қазір 88 жастамын. Ғұмыр жолымыз енді қысқара түспесе, ұзармасы белгілі. Сондықтан ұлт ұстазына баланған кісімен туыстығымды жұртшылық білсе екен деген едім. Сенің келгенің іздегенге сұрағандай болды-ау. Жаратқан солай қиыстырып тұрған шығар. Аман бол, айналайын!

P.S. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Ұлт ұстазының мерейтойы елдік деңгейде тойланып, еңбегі дәріптелмек. Осы ізгі бастама аясында жақын-жұрағатына да көңіл бөлініп, тарихи баға берілсе деген ой түйдік.

Сұқбаттасқан - Елжас ӘБДІЛДА

Серіктес жаңалықтары

Сараптама