Halyq Uni логотип
×

Шойгу алғаш рет Пригожиннің әрекетіне қатысты пікір білдірді

Ол антқа адал әскердің арқасында төңкеріске жол берілмеді, деді

 Дастан Жұмабекұлы 03.07.2023 | 17:01
Шойгу алғаш рет Пригожиннің әрекетіне қатысты пікір білдірді
фото: ашық дереккөз

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 23-25 маусымда болған оқиғаларға қатысты пікір білдірді.

Еске салсақ, маусымның соңғы күндері «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин өзінің жалдамалыларымен бірге РФ шекарасын кесіп өтіп, Дондағы Ростов қаласына басып кірген болатын. Сол жерде Қорғаныс министрлігінің Оңтүстік әскери округында барып, Ресей әскерилерінен ведомствоның басшысы Сергей Шойгу мен Қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимовты ұстап беруді талап еткен еді.

Содан кейін оның жасағы Воронеж қаласына басып кірді. Сол кезде Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында, Ростов, Воронеж облыстарында терроризмге қарсы шаралар жарияланды. Ал Пригожиннің өзі содырларымен бірге Мәскеуге барып, Шойгу мен Герасимовтың мәселесін шешетінін айтты. Одан әрі «Вагнердің» басшысы әскерімен жолға шығып, Мәскеуге 200 шақырым қалғанда Беларусь президенті Александр Лукашенкомен сөйлесіп, ойынан айнып, ат басын кері бұрып қайтты.

Пригожиннің айтуынша, Қорғаныс министрлігі «Вагнерді» таратып жібергісі келген. Сол үшін Ресейдің Қарулы күштері Украинадағы соғыста жалдамалыларды әлсіреткісі келіп, қару-жарақ бермеген. Одан қалды, «Вагнердің» әскерін атқылап, жолдарына кедергі жасап отырған. Осының бәрі айналып келгенде жалдамалылардың Қарулы күштерге деген көзқарасын өзгертіп, бүлікке түрткі болған.

Бүгін Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу алғаш рет 23-25 маусымда болған оқиғаларға қатысты пікір білдірді. Ол Қарулы күштердің антқа адалдығының арқасында Пригожиннің жоспары күл-талқан болғанын айтты.

Қарулы күштер арандап қалған жоқ. Әскери қызметкерлер өз міндеттерін лайықты орындап шықты, – деді ол бірауыз сөзбен.

Одан басқа ол ештеңе деген жоқ. Ал Пригожин бүлік басылғаннан кейінгі жасаған алғашқы мәлімдемесінде «Вагнерге» қатысты айтылып жатқан алып-қашпа әңгімелердің бәрі бос сөз екенін, өзінің қарамағындағы жалдамалыларды  Ресейдегі ең тәжірибелі бөлімше ретінде санайтынын, сондықтан «Вагнермен» келісімшарт жасасқан адамдар әрі қарай жеке әскери компанияның құрамында бола беретінін, Мәскеуге жорықты Шойгу мен Герасимовты қызметінен алып тастау үшін жасағанын, президент Путинге ешқанда кінә тақпайтынын, мемлекеттік құрылымды өзгерту ойында болмағанын айтты.

Осының алдында ол Мәскеуге 200 шақырым қалғанда күні бойы Беларусь президенті Лукашенкомен сөйлесіп, келісімге келген болатын. Келісім бойынша, «Вагнердің» тірі қалған жалдамалылары Беларусьті паналайтын болған. Пригожиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Оған жасырған ақшасының бәрі қайтарылған.

Қазір қолда бар дерекке қарағанда, Пригожинмен бірге Мәскеуді алғысы келген содырлар Беларусь орманындағы лагерьге орналасқан. Бірақ, «Вагнер» басшысының тағы бір талабы орындалмай қалған. Ол Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимовты ұстап беруді талап еткен болатын. Оның бұл талабы әлі орындалмай келеді.

Оның талап қойғанына да міне, он күн де болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама