Биыл Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу бойынша өтініш жасаған ресейліктердің саны көбейген
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Ресей азаматтарының Қазақстанда тұрақты тұру ықтиярхатын алуына шектеу енгізу қажеттігін айтты.
«Ресей азаматтары үшін тұрақты тұруына берілетін ықтиярхатқа лимит енгізу керек. Соңғы уақытта Қазақстанда РФ азаматарының көбейгені байқалады. Мен бұл туралы соғыс басталған кезде жазған едім. Біздің билік оларға жеке сәйкестердіру нөмірін, тұруға ықтиярхат және т.б. шектеусіз беріп жатыр», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның инфрақұрылымы қосымша жүктемеге, сырттан келетін адам нөпіріне шақталмаған.
«Біздегі инфрақұрылым күтпеген жерден мыңдаған адамға қызмет көрсетуге шақталмаған. Бұл емханалар, балабақшалар, мектептер және т.б. Ресейде соғыс жоқ, олар босқындар емес. Ресей қалаларын ешкім бомбалап жатқан жоқ. Сондықтан Қазақстанның билігі РФ азаматтарына тұрақты тұруға ықтиярхат беруге шектеу енгізу керек», - деп толықтырды ол.
Еске салайық, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу бойынша өтініш жасаған ресейліктердің саны айтарлықтай өскенін айтты.
Бұрын 350-400 адам аралығында болып келсе, биыл бірінші тоқсанның өзінде мыңға тарта ресейлік осындай өтініш берген.