Жаңа инновациялар, жаһандық трендтер туралы жазылған «Как оседлать единорога?» кітабы жарық көрді
«Как оседлать единорога?» кітабы авторларының бірі, MOST холдингінің басшысы Мират Ахметсадықовпен Halyq Uni тілшісі әңгімелесіп, жаңа инновациялар, жаһандық трендтер туралы жазылған еңбек туралы білді.
«Инновациялар туралы кітапты шығаруды Досым Сәтпаев ұсынған. Қазақстан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін қазір қандай инновациялар мен технологияларды дамыту керек деген сұраққа жауап ретінде кітап жазу идеясы келді. MOST холдингі бұл идеяны қолдап, кітапқа пікірі енетін мамандарды бірлесе таңдадық», - дейді Мират Ахметсадықов.
Кітаптың ішіне 50-ге жуық сарапшы-маманның пікірі енген. Олардың арасында кәсіпкер, маркетинг саласындағы мамандар, қаржы технологиясы секілді салаларда еңбек етіп жүргендер бар. Кітаптың мақсаты – әртүрлі салады қызмет ететін адамдардың өзіне қажет ақпаратты алуын қолжетімді ету.
Кітаптан экология, білім беру, медицина, IT және басқа да салада жүрген азаматтар өз жұмысы мен біліктілігіне байланысты ой, пікір таба алады. Әртүрлі сала, түрлі индустрияда жұмыс істеп жүрген адамдарды жинадық. Қазақстанда тұратын шетелдіктер мен шетелде тұратын қазақстандықтардың да пікірі жарияланды. Жасанды интеллект туралы көп пікір айтылды, себебі оны барлық салада қолдануға болады. Шетел азаматтары ең бастысы біздің потенциалымыз бар екенін және соны әлі толық қолданбай отырғанымызды жеткізді. Қазақстандықтардың басқа елдің азаматтарынан еш айырмасы жоқ екенін, талантты мамандардың бар екенін айтты, - дейді ол.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АДАМНЫҢ ЖҰМЫСЫН ТАРТЫП АЛМАЙДЫ
Кітапты шығару кезінде сараптамалық сауалнама жүргізілген. Сауалнама нәтижесінде алдағы 10-20 жылда қандай инновациялар әлемді түбегейлі өзгертетіні туралы айтылған. Ол қатарда жасанды интеллект, машиналық оқыту (машинное обучение) және Big Data, биотехнология, кванттық компьютерлік технологиялар бар.
«Қазақстан жасанды интеллект бойынша артта қалды деп айтуға болмайды. Ол жер шарында дамымаған. Сол салаға кіріп, лидер болуға мүмкіндігіміз бар. Жасанды интеллект қолданысы жер шарында 1 пайызға да жеткен жоқ. Бізде Big Data қоры бар. Мысалы, қолымызда мыңдаған рентген базасы болса, адамның қай жері ауыратынын тез табуға болатынын жасанды интеллект үйреніп алуы мүмкін. АҚШ-та ешкім рентгенді бөліспейді. Өйткені жеке деректер туралы заңы бар. Дәл қазір бізде мұндай заңның «жұмсақ» болуы артықшылық беріп отыр. Жасанды интеллектке қолжетімсіз ақпаратты беріп, талай технология шығаруымызға болады», - дейді ол.
Сауаланамаға қатысқандардың бір бөлігі жаңа инновациялар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселені шешетініне, кедейлік деңгейінің төмендеп, әлеуметтік теңсіздіктің жойылуына әкеледі деп санайды. Сондай-ақ экономиканың жаңа бағыттары мен жаңа мамандықтар пайда болатынына сенім білдірген.
Жасанды интеллект үлкен мәселе тудырады деп ойламаймын. Өйткені біз мұндай технологиялық революцияның бірнешесінен өткенбіз. Адамның жұмыссыз қалуы мүмкін емес. Мыңдаған, миллиондаған адам жұмыссыз қалмайды. Бұл бірден іске аспайды. Жасанды интеллектіні үйретуге қуаттылығы жоғары компьютерлер мен көп энергия қажет. Мұндай жағдайда бір жұмыс жоқ болып кетсе, орнына басқа жұмыс пайда болады, - дейді Мират Ахметсадықов.
Ол қандай да бір салада лидер болу үшін алдымен оған көпшілік назар аударуы қажет екенін айтты.
«Осы салада дамуға уақытымыз бар» деген жалпыұлттық ұғым болуы керек. Мұны жалпыұлттық деп танысақ, министрлер бастаған шенеуніктер бұл салаға ақша бөледі. Медициналық оқу орындарында жасанды интеллектке байланысты жаңа мамандықтар ашылуы мүмкін. Біз технология бойынша жаһандық түрде артта қалғанымызды мойындауымыз керек. Бірақ қазір жасанды интеллект барлық елде қолданылмағанын ескеріп, осы салаға бет бұруға болады. Big Data-ға келсек, ол әртүрлі салада әртүрлі дамып жатыр. Деректер қоры бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз. Жеке сәйкестендіру нөмірі бар әрбір адам туралы деректер eGov порталында жинақталған. Азаматтың қашан туғаны, қай жылы мекенжайын ауыстырып, жаңа мүлік иесі болғаны туралы ақпарат бір жерге жинақталған басқа ел саусақпен санарлық», - дейді Ахметсадықов.
«КІТАПТЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ОҚЫҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН»
Мират Ахметсадықовтан «Как оседлать единорога?» кітабын кімдер оқуға тиіс екенін де сұрадық.
«Бұл кітап санада сілкініс тудырса екен деген ниетіміз бар. Ол оқыған адамның өзіне байланысты. Мысал ретінде кәсіпкерді алайық. Ол кәсіпкерлік потенциалын технология саласына бұрса, пайдасы көп болады. Демек, орындықтың суретін адам қолмен салмайды, орнына компьютер салып береді. (...) Бұл кітапты президент оқыса деген арманымыз бар. Ең басты өзгерісті енгізетін – президент. Президент «осы ойы жақсы» деген кезде шенеуніктің бәрі оқиды», - дейді ол.
Сондай-ақ ұл-қызының технология саласында еңбек еткенін қалайтын ата-аналар да бұл кітапты оқуға тиіс.