Жастардың отанын сүюі мектептен басталады, сол себепті бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылады
Қазақстандықтар арасында патриотизм сезімін артыру мектеп жасынан бастау алады. Соған байланысты педагогтер мемлекеттік рәміздерді мектепте дәріптеу мақсатында ұлты қазақ емес оқушылар үшін факультатив сабақ өту қажет деп санайды.
Қазір оқушылар арасында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жоғары бағаланады. Себебі Қазақстанда тұрғандықтан, мемлекеттік рәміздер – біздің басты құндылығымыз. Осындай құндылықтың бәрін жас жеткіншектер өз бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа сол жолды салып береді. Тек ұлты қазақ оқушылар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетеді. Ол үшін мектептерде кешенді жұмыс атқарылады. Мектептегі іс-шараларға өзге ұлт өкілері де белсенді қатысады, - дейді Павлодар облысы Екібастұз қаласы №5 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәдина Арқалық.
Маманның айтуынша, мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын ұғыну және баланың бойында патриоттық сезімді арттыруға мұғаліммен қатар ата-ана да өз үлесін қосуы қажет.
Ең бастысы – оқушының бойында адамгершілік қасиетті дамыту. Одан кейін ғана елін, жерін қорғайтын ұрпақ болып дамуына, жетілуіне жол көрсетеміз. Мемлекеттік рәміздердің авторларын жаттаттыру, мән-мағынасын ұғындыруды әр сабаққа енгізіп отыру қажет. Ол үшін сабақты ойын түрінде, сұрақ-жауап қою арқылы ұйымдастырған жөн. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, жаңашылдықтар енгізу қажет, - деп түйіндеді Мәдина Арқалық.
Айта кетейік, стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың 1 сәуірдегі ақпаратына сәйкес, елімізде 5 726 627 жас азамат бар. 17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің саны 2011 жылдың басында 4 851 538 болса, 2022 жылдың басында 6 485 507 адамды құрады.
Айта кетейік, 2023 жылғы бюджетте ішкісаяси тұрақтылық пен отансүйгіштікті насихаьттауға 39,8 млн теңге бөлінген.
Жоспарланған шаралар нәтижесінде халықтың мемлекеттік рәміздермен ақпараттандыру деңгейі 82 пайыздан 83 пайызға көбеймек. Ал келер жылы көрсеткіш 84 пайыз болмақ. Айта кетейік, осы мақсатта келер жылы және 2025 жылы 13,5 млн теңгеден қарастырылған.