×

Кадыров Ресейдегі жағдайға қатысты пікір білдірді

Ол Пригожиннің іс-әрекетін мемлекетке жасалған опасыздықпен теңеді

 Дастан Жұмабекұлы 24.06.2023 | 17:28
фото: ашық дереккөз

Шешен Республикасының басшысы Рамзан Кадыров әскери төңкеріс жасауға ниеттенген «Вагнер» жеке әскери компаниясының, оның ішінде жалдамалылардың жетекшісі Евгений Пригожиннің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді.

Ол Путиннің үндеуінен кейін өзінің Telegram-арнасында «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожиннің іс-әрекетін сатқындық деп айыптады. Сонымен бірге ол жалдамалылардың басшысына соғыс кезінде жеке басқа қатысты өкпе-ренішті шешуді қоя тұруды айтқанын, қазір бір-бірімен жауласатын уақыт еместігін ескерткенін атап өтті.

Достар, менің Ростовтағы, жалпы еліміздегі жағдайға дер кезінде жауап бере алмағанымның себебін айтсам, менің уақытым болмады. Түнімен шаруалармен шапқылап жүріп, енді ғана сатқындық туралы естіп, біліп отырмын. Бүгінгі опасыздық біздің арқамызға қадалған пышақ болды.

Мен оған (Пригожинді айтады, - ред) талай рет соғыс кезінде жеке басқа қатысты өкпе-ренішті шешуді қоя тұруды айтқанмын. Ол тыңдамады. Ол бүкіл мемлекетке қарсы шықты. Мен халықтың қалауымен сайланған жоғары бас қолбасшымызды қолдаймын. Бізге елдің саяси тұрақтылығы, халықтың бірлігі, отандастарымыздың қауіпсіздігі керек, –  деді ол.

Шешенстан басшысының айтуынша, Пригожиннің әрекеті жағдайды қиындатып жатыр. Мұндай әрекеттер тарихта қантөгіспен аяқталған.

Рамзан Кадыров Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі мен Ресей гвардиясының Шешенстан Республикасындағы жауынгерлері шиеленіс аймақтарына аттанғанын айтты. Сөз соңында ол Пригожиннің іс-әрекетін мемлекетке жасалған опасыздықпен теңеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама