Депутат малшыларға «Еңбек ері» атағы берілуге тиіс деп есептейді
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеріп, олардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ардақ Назаров депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады. Оның пікірінше, бүгінде малшылардың жағдайын жасау керек.
«Менде ауыл баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін. Қазақта «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері мен мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді. Шаруа мен малшының жұмысы ауыр», - деді Ардақ Назаров.
Депутат жаздың ыстығына, көктем-күздің жаңбырлы түні мен желіне, қаһарлы қыстың аязына қарамастан малды аман сақтау оңай емес екенін атап өтті.
Одан бөлек, Ардақ Назаров малшылардың мәртебесін көтеруді ұсынды:
Ардақ Назаров 25 жылдан аса мал баққан шаруаларды зейнетке ерте шығаруды ұсынды.
Мен әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамға зейнетке шығаруды ұсынамын. Бүгінде малшылардың еңбегі жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескерсек, Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төленуді қарастыру керек, - деді депутат.
Сондай-ақ депутат малшыларға «Еңбек ері» атағын беруді ұсынды.
«Жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықтап, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық «Батыр», «Социалистік еңбек ері» Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде.
Жоғарыдағы айтылған құрмет пен ескерулер, жағдай жасалса: малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады, өз арсында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады», - деп сөзін түйіндеді Ардақ Назаров.