Halyq Uni логотип
×

Астанаға қоныс аударған депутат құрылысы 14 жылға созылған ЖЭО туралы: «Биыл қатып қалмаймыз ба?»

Ермұрат Бапи миллиардтаған теңге бөлінетін нысанға кім жауапты екенін сұрады

 Дәурен Ерболат 21.06.2023 | 12:01
Астанаға қоныс аударған депутат құрылысы 14 жылға созылған ЖЭО туралы: «Биыл қатып қалмаймыз ба?»
Ермұрат Бапи, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанадағы №3 жылу электр орталығын салу жұмысы тым ұзаққа созылып кеткенін, оған жыл сайын миллиардтаған теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қолыма түскен мәліметке қарағанда, Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болыпты. Ең қызығы жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Бастапқыда 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 122 млрд теңгеге көтерілген. Енді биыл баға тағы да 54 млрд теңгеге көтеріліп отыр. Бұл не деген «алтын құрылыс» екенін түсінбеймін. Бұл құрылыстың бітетін уақыты да белгісіз.

Биыл біз Алматыдан, яғни жылы жақтан көшіп келдік. Осы жылы қыс қатты болады деген жорамал бар. Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба?

Миллиардтаған қаржы жұмсалған құрылысқа кім жауап береді? Неге нысанға миллиардтап ақша бөліне береді? Бұл шығыстар кімге жүктеледі? Осыған кім жауап береді? Биыл объект тапсырыла ма, тапсырылмай ма?», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі шаһарда жылу тапшылығы барын, биыл жылу орталығының құрылысы аяқталатынын атап өтті.

Елордада 440 Квт жылу жетіспеушілігі бар. Биыл 100 млрд теңге қаржылай қолдау көрсету нәтижесінде №3 ЖЭО құрылысын аяқтаймыз. Бүгінде жүйені дайындап жатырмыз. Нысанды кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазан айында 2 қазандық іске қосылады. Оның жалпы қуаттылығы – 220 Квт.

Сондай-ақ сол жағалауда газ жылу станциясының 2 жобасын жүзеге асырамыз. Оның жалпы қуаты – 690 квт. Осылайша, биыл қараша айының соңына қарай мөлшерден тыс қуат болады. Жобаның 53 млрд теңгеге қымбаттауына тоқталайын. Қазір нысанды аяқтауға 23 млрд теңге керек, - деді әкімдік өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама