Депутаттың айтуынша, 40 кәсіпорын дайындық құжатын алмаған
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстанда жылу электр орталықтары (ЖЭО) дайындық паспортын алмайтынын, салдарынан қыста мәселе туындайтынын, Энергетика министрлігі неге мәселені бақылауға алмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованың баяндамасын тыңдағанын, энергетика саласындағы біраз мәселені біліп қалғанын айтты. Тіпті, депутат министрліктің қалай жұмыс істейтініне таңғалды.
Мұнда бір қызық жағдай бар. Энергетика министрлігінің бақылауында 40 кәсіпорын (жылу электр орталығы, ТЭЦ – авт.) 2020 жылдан 2022 жылға дейін мүлдем күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын алмаған, өтінім бермеген.
Осының кесірінен дайындық құжаттары, яғни паспорт деген жай ресми нәрсе сияқты болып қалды, оны ешкім қажет етпейтін сияқты. Соның салдарынан жыл сайын 500-ден аса кәсіпорын дайындық паспортын алуға өтінім бермейді.
Құрметті Алмасадам Майданұлы, сіздер қалай жұмыс істеп отырсыздар? Неге осылай жұмыс істеп отырсыздар? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы барлық ірі энергетикалық нысан қысқы дайындық паспортын алатынын атап өтті. Оның пікірінше, жағдай министрліктің бақылауында.
«Мұндағы мәселе шағын және орта бизнес нысандарына қатысты. Оларға аса ірі көлемде айыппұл салынады, яғни орта бизнес объектілеріне – 500 мың теңге, шағын бизнес объектілеріне 170 мың теңге. Олар энергия және жылумен жабдықтаудың сенімділігіне айтарлықтай әсер етпейді. Іс жүзінде жергілікті атқарушы органдар жұмысты күшейтуі керек. Біз энергетикалық және әкімшілік қадағалау органы ретінде тиісті жұмыстарды жүргіземіз.
Егер қандай да бір ірі объект тиісті дайындық паспортын алмаса, онда комиссия бірден жұмыс істейді. Министрлік деңгейінде тиісті кеңестер ұйымдастырылады, қажетті шаралар қабылданады», - деді ведомство басышысы.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ЖЭО-лардың дайындық паспортын алу мәселесін қадағалауды атап өтті.
Барлық мәселе осы паспорттың жоғынан немесе формальды берілгенінен басталады. Не паспортты келісіп бере салады, артынан қандай проблема туындағанын көріп жатырмыз немесе мүлдем өтінім бермейді, паспарт та жоқ.
Сондықтан еліміз бойынша қаншама кәсіпорында осындай проблема бар. Сондықтан Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті мәселені бақылауға алуға тиіс. Проблеманы тағы комитетте тыңдау керек... Бұл мәселенің Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қатысы бар, - деді спикер.