Президент Батыс елдерінің санкцияларына қатысты пікір білдірді
Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз, - деді Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді.
Біз, ең алдымен, ДСҰ ережелері мен нормаларын басшылыққа аламыз. Сондай-ақ, халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз, – деді ол.
Дегенмен Тоқаев Ресеймен сауда-саттықты одан әрі жалғастыра беретінін айтты.
Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 млрд долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді, – деді мемлекет басшысы.