Жеңілдетілген автонесие: ИИДМ шешімін неге енді жариялағанын түсіндірді

Дәурен Ерболат

Жеңілдетілген автонесиеге утилизациялық алымнан түскен 100 млрд теңге бөлінген еді

Ілияс Оспанов, ИИДМ вице-министрі

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі жеңілдетілген (4%) автонесие бағдарламасының тоқтайтынын, енді қаражаттың бәрі тозған автобустарды жаңартуға жұмсалатынын айтты.

Министрлік 4%-дық автонесие бағдарламасын тоқтату туралы шешімді неге кулуарда айтпады? Неге арнайы брифинг өткізбеді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ИИДМ шешімін өткен аптада жариялауға тиіс болғанын айтты. Алайда оған елімізде болған соңғы жағдайлар (Абай облысындағы орман өрті – авт.) әсер еткен.

Бүгін министр мәлімдеме жасады, біздің ендігі міндетіміз – жағдайды түсіндіру. Біз күтпеген шешім болғанын білеміз. Жыл басынан бері біз бағдарлама талабы өзгеретінін түсіндік.

Енді журналистерді шақырып, жағдайды түсіндіріп жатырмыз. Егер біз автобустар сатып алып болған соң брифингке шақырсақ, мұны «кулуарда қабылданған, ешкіммен келіспеген шешім» деп айтуға болар еді. Бәріңізді шақырып, осындай жоспарымыз барын айтып отырмыз, – деді вице-министр.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары төмендегідей болған:

  • Көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек;
  • Қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
  • Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл;
  • Бастапқы жарна – 0%;
  • Сыйақы мөлшерлемесі – 4%.

2015 жылдан бастап Үкімет ҚДБ арқылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 82 млрд теңге бөлген. Одан кейін 2022 жылғы мамырда Өнеркәсіпті дамыту қоры аталған бағдарламаға 100 млрд теңге аударды.