Halyq Uni логотип
×

Депутат: «Қолы күс-күс болып кеткен аналарға қалай салық салмақпыз?»

Депутат Сырым Ертаев ауыл кәсіпкерлеріне қойылатын талапты өзгертуді ұсынды

 Ербол Тұрымбет 25.04.2022 | 13:26
Депутат: «Қолы күс-күс болып кеткен аналарға қалай салық салмақпыз?»
Сырым Ертаев, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев ауыл кәсіпкерлеріне қатысты талапты жеңілдету мәселесін көтерді. Депутат ауыл шаруаларын кәсіпкер ретінде тіркеу үшін қаржы айналымы көрсеткішін 864 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін жеткізу керектігін айтады.

Оның сөзінше, қазір ауылдарда 1,7 миллионнан астам жеке қожалық бар. Салық кодексі бойынша, олардың қаражат айналымы 286 АЕК-тен, яғни 864 мың теңгеден асатын болса, кәсіпкер ретінде 10 пайыз салық төлеуі керек. Ол 864 мыңның ішіне малын сатқандағы қаражат та еніп жатыр.

«Мәселен, ірі қара мал, сауынды табын, жылқы, түйе, қой, ешкі, үй құстарының барлық түрі, тауық, жұмыртқа, картоп, сәбіз, қырыққабат, сарымсақ, пияз, қызанақ, қияр, алма, алмұрт, өрік, шие, шабдалы, ет, сүт, құрт, май, жүнге шейін бар. Тіпті, ауыл халқына иленбеген теріге шейін енгізіп қойғанбыз. Яғни, осының бәрімен айналысатын болса, ары қарай табыс салығын төлеуі керек. Бұл жерде біз қарапайым шаруаны қолдап жатырмыз ба, қорлап жатырмыз ба?», деді депутат сұраулы жүзбен.

Депутаттың айтуынша, ауылдағы ағайынның басым бөлігі табысын өз ауласынан табады. Бір үйде 7-8 адам жұмыс істейді. Үйдегілер жұмылып, бәрі бір-бірін асырап отырған кезде осындай салық салынады. Бірақ онда жалдамалы жұмысшы жоқ. Олар кәсіпкер деп саналатын болса, бала-шағасын асыраудың орнына есепші жалдауы керек болады.

«Ауылда тұрғандар жақсы біледі, ауылдағы қыз-келіншек, апа-аналарымыз қысы-жазы қандай еңбек етеді. Бау-бақша егеді, шөп отайды. Қолдары күс-күс болып кеткен аналарымызға қалай салық салмақшымыз?! Сондықтан жеке шаруашылық қожалықтарының жылдық айналымын 10 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынамыз. Оның өзін аз деп есептеймін. Өйткені, бір жылда бір миллион таба ма, таппай ма?! Тапқан күннің өзінде ол азық-түлігі мен бала-шағасының киім-кешегіне әзер жетуі мүмкін», - дейді Сырым Ертаев.

Депутат өз күнін әрең көріп халықты салықтан «қашу» үшін қара базар жағалатпай, үйінде өндірген тауарларын сауда орталықтарында, тіпті супермаркеттерге апарып сататын жағдай жасау керегін айтады. Ол үшін аудандардағы зертханаларға етін, сүтін, құртын, майын тексертіп, сертификатын алдырып, сауда орталықтарына апарып тапсырып, ешқандай салық төлетпей, табысын арттыруға мүмкіндік беру керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама