Halyq Uni логотип
×

Әкелер күнін мерекелеудің артында мемлекетті сақтап қалу түсінігі тұр – Сайлау Батыршаұлы

Шетелге бала сатпау мәселесін осы мерекенің тұжырымдамасына кіргізу көзделіп отыр

 Ербол Тұрымбет 18.06.2023 | 10:35
Әкелер күнін мерекелеудің артында мемлекетті сақтап қалу түсінігі тұр – Сайлау Батыршаұлы
Фото: Сайлау Батыршаұлының жеке мұрағатынан

Елімізде бүгін Әкелер күні аталып өтіп жатыр. Әлем елдерінде бұрыннан қалыптасқан мереке бізде алғаш рет тойлануда. Оны қалай атап өту керек екеніне келгенде Әкелер одағы республикалық ұйымы арнайы тұжырымдама дайындаған. Ал бұл мерекенің еліміз үшін қандай пайдасы бар? Несімен ерекше? Қаншалықты маңызды? Осы сұрақтар жөнінде мерекенің пайда болуына үлесін қосқан Қазақстан Республикасы дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батыршаұлы ой-пікірімен айтып берді.

Ардагер дипломаттың сөзінше, Әкелер институтының құлдырауынан елімізде балаларын тастап кету көбейді. Соның кесірінен біздің елден Еуропаға, АҚШ-қа балалар көп кетіп жатыр. Ол жайттардан жақсы хабардар екенін білдірген Сайлау Батыршаұлы құйтұрқылықтың қалай жүретініне дейін айтып берді.

Олар әшейін келеді де балалар комиссияларына ақша беріп, мына бала «сылтып басады» деп немесе басқа бір себебін тауып, медкомиссия қорытындысын шығарып алады да мыңдаған қазақ баласын Еуропа мен АҚШ-қа алып кетіп жатыр. Артынан біздің журналистер арқылы телеарнадан АҚШ-қа барған балалар бақытты деп жылына бірнеше хабар бергізеді, – дейді ол.

Бұл тұрғыда кезінде дипломатиялық қызметпен Африканың Конго елінде 4 жыл қызмет атқарған шағындағы жағдайды мысалға келтірді. Елін түгел аралап, тым кедей тұратынына әбден көз жеткізгенімен, баланы қорғауға келгенде өте қатаң қарайтындарын айтады.

«Балаларыңызды Кеңес Одағына асырап алуға бересіздер ме?» деп сұрағанымда, «кедей болсақ та, жоқ болса да өзіміз бағамыз» деді. Бір жамылғының астында бірнешеуі әрең сыйып жатса да балаларын ешкімге бермейді. Африка халықтары төмен тұрады дейміз. Иә, технократтық тұрғыдан кедей. Бірақ, қанға келгенде әкесі мен анасы баласын ешкімге бермейді, – дейді Сайлау Батыршаұлы.

Ол сонымен бірге, өзге мемлекет азаматтарына тұрмысқа шығатын қазақ қыздары қиын жағдайға тап болатын жайттардан хабардар екенін айтты. Өйткені, оның сөзінше, араб халықтары да орыс пен қазақтан көп қыз алады. Ал артынан ажырасқан уақытта балаға таласады. Ал араб мемлекеттерінің заңы, яғни мұсылмандық бойынша балалар әкесінің атына жазылады. Сондықтан, арабқа тиген орыс, украин қыздар өз елдеріне тіпті қыдырып та бара алмайды. Өйткені, кері қайтпай қалуы мүмкін деп сескенген әкесі баласын алып қалады. Тіпті, «баламды шетелге апаруға рұқсатымды бердім» деген әкесінің нотариус арқылы қол қойған қағазы болмаса, анасы баласын ешқайда алып шыға алмайды.

Мен нақты білетін жағдайды айтып берейін. Бір қазақтың қызы мысырлық жігітке тиіпті. Ол бойдақпын деп алдаған. Үйленіп алып барса, бір емес екі әйелі бар екен. Оның үстіне балалы болып қалған. Қайтайын десе ақшасы жоқ, паспортын да тартып алған. Міне, сол қыз баласымен келем дегеніне 4 жылдай болды. Күйеуі түрлі себеппен жібермейді. Тіпті, шекарашыларға дейін ақшасын беріп, шығармайтындай қылып қойған. Өйткені, билет алып тұрып келген уақытта да ұшаққа өткізбеген, – дейді Сайлау Батыршаұлы.

Оның сөзінше, африкалықтарға да тиіп жатқан қазақ қыздарының да арасында басы шырғалаңға түскендері жетерлік.

Тымжақсы киініп келіп, «әкелеріміз бай тұрады, өндірісі бар» деп алдайды. Ақырында өз еліне апарған соң тікелей құлдыққа сатып жібереді. Америкада да осыған дейін бірер баланы өлтіріп тастаған жағдай болды. Бір жағдайында еркек пен ерке қосылған отбасы қыз баланы асырап алып, оған ақша төлеген мүлкі ретінде қараған, дейді ол.

Профессор сондай-ақ, Израильде де дипломатиялық қызметте болған. Сондағы көзбен көргенін баяндап берді. Айтуынша, ол жақта қоғам екіге жарылған. Бірі діни ортодокс қоғам. Олардың діні бойынша бәрі анаға байланған. Сосын, туу туралы, неке қию куәліктері, ажырасу, қайтыс болғаннан кейін жерлеу рәсімдерінің бәрі атқарушы билік емес, дін өкілдерінің қолында. Ал олар жұмыс істеп отыру үшін Үкіметі ақша төлейді.

Ал екінші қоғамы – шетелден келіп, азаматтығын алғандар. Өйткені, ол жаққа Еуропадан, Ресейден, Кавказдан да барғандар көп. Себебі, не анасы, не әжелерінде бір еврей болса жеткілікті. Халық санын арттыру үшін қабылдай беретінін айтады. Осының өзіне қарамастан, Израиль ТМД елдерінен де бала алып жатыр.

Сол жақта жүргенімде бұрынғы біздегі мектеп-интернат сияқты мекемелері бар, сол жерде 5-6 қазақ баласын, солармен бірге түрікпен балаларын да кездестірдім. Ішіп-жем, киім-кешектің бәрімен қамтылған. Сол мектеп-интернаттан соң тізімдеп тікелей әскерге алынады. Өйткені, оларға әскер керек. Қару-жарақ жеткілікті болғанымен, адам керек. Сол үшін интернатта оқытып, артынан 3-4 жылға әскер қылып жібереді, – дейді ол.

Осы жерде ардагер дипломат Ресейдің мысалын келтірді. Оның сөзінше, АҚШ пен Еуропа Ресейден көп бала алатын. Бірақ соңғы 10 жылда Путин ол жақтармен келіспей қалып, Ресейден бір де бір баланы жібермейтіндей етіп тыйып тастаған.

Қарап тұрсақ, 143 млн-дай халқы бар Ресейдің өзі осылай қылып жатқанда, 20 миллионға жетпейтін халқымыздың балаларын аман сақтап отыруымызға болады ғой?! Кезінде осы мәселені Мәжілісте депутат болған Уәлихан Қалижан көтеріп бастап еді, депутаттық мерзімі біткеннен кейін бүгінгі депутаттар бұл мәселеге зер салмай, бүгінгі күнін ойлап кетті, – дейді ол.

Сайып келгенде, профессордың пайымынша, «Әкелер күні» деген мерекенің артында ұлттық дәстүрді, мемлекетті сақтап қалу түсінігі тұр. Сондықтан, осы мерекені атап өту тұжырымдамасына Үкімет пен Парламент әкелердің мәртебесін арттырумен бірге, ата-анасыз қалған жетім балаларды да шетелге жібертпеу жағын енгізуді көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама