Halyq Uni логотип
×

Елден ұрланған ақша, байлардың туыстарын тексеру, 100 млн доллар: Әділет вице-министрімен заң жобасы туралы

Алма Мұқанованың айтуынша, заңның кейінгі нұсқасында «алынған» сөзі «иемделінген» деп өзгерді

 Айгерім Таубай 01.07.2023 | 20:36

Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң елден заңсыз шығарылған қаражатты сақтау, басқару және мемлекетке қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған. Halyq Uni тілшісі Әділет вице-министрі Алма Мұқановамен сұқбаттасып, заң туралы білді.

– Алма Қайратқызы, Әділет министрлігі қандай да бір заң жобасын әзірлеу және қабылдау барысында қандай рөл атқарады?

– Әділет министрлігі нормашығармашылық жұмысын ұйымдастыру құзыретіне ие. Заң жобаларының алдыңғы кезеңінде консультативтік құжат болады. Ол жерде заң жобаларының концепциясы белгіленеді.

Депутаттар әзірлеген заң жобасына да тиісті сараптама жүргіземіз. Сондай-ақ осы заңдарды жүзеге асыруға арналған заңға тәуелді актілерді де сараптамадан өткіземіз. Заңнамаға сәйкес, деңгейі төмен нормативтік құқықтық акт заңға немесе Конституцияға сәйкес келуі керек. 

– «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын әзірлеуде нақты қай орган жұмыс істеді?

– Үкіметке 31 наурызға дейін тиісті заң жобасын Мәжіліске енгізуі міндетті деген тапсырма берілді. Алайда заң жобасының тұжырымдамасына байланысты бірқатар түсініспеушілік туындап, Үкімет көрсетілген мерзімде енгізіп үлгермеді. Содан кейін депутаттардың заң жобасын дайындап жатқаны туралы ақпарат түсті. Олар тиісті мемлекеттік органдармен туындаған сұрақтарға жауап алып, Үкіметке заң жобасының өз нұсқасын енгізді.

Мемлекеттік органдар заң жобасын мақұлдады. Яғни, депутаттар ұсынған механизм қолдау тапты.

Кейінгі үш аптаның ішінде Мәжілісте Бас прокуратура, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, Ұлттық банк, Ішкі істер министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Әділет министрлігі жұмыс тобының құрамында болып, талқылау барысында өз ұстанымымызды көрсеттік.

– Заң жобасы қанша уақыт аралығында әзірленді?

– Тұжырымдамасы 2022 жылдың қарашасында мемлекет басшысының жарлығында көрсетілді. Оның ішінде субъектілерді айқындау, қандай нысандарға қатысты болатыны, активтерді қайтару механизмі, болашақта заңсыз шығаруға жол бермеу механизмдері қандай болуы керек екені тапсырма түрінде берілді. Қарашадан бастап осы тапсырманы ең дұрыс жолмен жүзеге асыру бойынша талқылаулар болды.

– Мәжіліс отырысынан кейін кей депутат заң жобасының өте жылдам әзірленгенін айтты. Бұған қатысты ойыңыз қандай?

– Бұл заң жобасының маңызын, өзекті екенін ескерсек, оны әзірлеу және қабылдауды созудың теріс әсері болады. Сол себепті көрсетілген мерзімде қабылданғанын дұрыс деп санаймын. Өйткені бұл заң жобасын қабылдамаған әр күн сайын кей субъект активтерін шекарамыздан өткізіп, шетелдерге шығарып жатыр. Сол себепті заңды қабылдауды жылдамдатудың маңызы зор.

– Заң жобасы орыс тілінде жазылды ма?

– Заң қазақ және орыс тілінде де кеңінен талқыланды. Заңсыз «алынған» деген тіркестің өзі әртүрлі терминге ауыстырылды. Соңғы редакцияда «иемделінген» деп ауысты. Заң жобасы дайындалған кезде міндетті түрде екі тілде болады.

– Алма Қайратқызы, заң жобасында айтылған актив деген не?

Актив деген – кең ұғым. Оған жылжитын және жылжымайтын мүлік, акция, бағалы қағаздар, пайлар және әртүрлі облигациялар кіруі мүмкін. Қазір бізге депутаттар тарапынан активтің ішіне криптовалюта кіре ме деген сұрақ қойылып жатыр. Ол да кіреді. Өз құны, бағасы бар әрбір зат, әрбір мүлік актив болып саналады.

– Активтерді қайтару барысында шетелдегі мүлік не акция сатылып, арнайы «қорға» беріледі. Сауда-саттық айналымы қалай жүреді?

– Бізде ел қазынасының шоты бар. Қор десе, ол заңды тұлға, адамдар жұмыс істейді деген түсінік бар. Олай болмайды. Қазынада арнайы шот болады, сол шотқа қайтарылған активтер ақша түрінде аударылып тұрады.

Қайтарылған актив мүлік не бағалы қағаз болса, нарық бағасымен сатылып, қаражат шотқа аударылады.

– Заң қолданысқа енгеннен кейін жобамен қанша көлемде қаражат түседі деп болжанып отыр?

– Бұл – қиын сұрақтардың бірі. Себебі болжам жасау қиын. Оған заң жобасының қабылдануы ғана әсер етпейді. Заң жобасына кіргізілген механизмдер жұмысын дұрыс бастауы керек. Мысалы, заң жобасы арқылы Бас прокуратура құрамында ведомство құрамыз. Ол ведомство шетелдермен келісімді ашық түрде жүргізуі керек. Ол бойынша бірқатар норма қарастырып отырмыз.

– Бас прокуратура құрамында құрылатын органға қатысты да сұрақ туындап жатыр. Депутаттар да неге ол органның тікелей президентке бағынбайтынын сұрады. Неге бұл жерде Бас прокуратура таңдалды?

– Атқаратын қызметіне байланысты Бас прокуратура таңдалды. Бұл орган қылмыстық және басқа да істер бойынша мемлекеттік келісімшарттарды әзірлейді. Сондай-ақ экстрадиция мәселелерін шешіп, тергеуді қадағалайды. Мемлекет басшысы былтыр Бас прокуратура қарамағында комиссия болуы керек деген шешімі де бар.

– Заңды талқылаған кезде активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін шарттарды жою туралы айтылды. Нақты қандай шарттар туралы сөз болып отыр?

– Қылмыстық кодекс, Азаматтық кодекс жұмыс істеп тұр, бірақ қосалқы механизм қарастырылған. Қазір заңды тұлғалар өздерінің бенефициар иелерін ашпайды. Мысалы, заңды тұлға – А. деген азаматтың атында мүлік бар, бірақ оның нақты иеленушісі басқа адам. Заңда «нағыз иеленушісі кім?» деген талап жоқ. Бірақ шетел практикасына қарасақ, нақты иесі кім екенін көрсету керек деген талап бар. Ілеспе заң жобасында осындай норма қарастырылған. Заң жобасы күшінен енгеннен кейін заңды тұлғалар өзінің бенефициар иелерін ашуы керек.

Бізде валюталық қадағалауды Ұлттық банк жүргізеді. Заң жобасы аясында валюталық қадағалау функциясы Ұлттық банкпен қатар Қаржы министрлігіне де беріледі. Олар валютаның экспорт және ипморт қадағалау органы болады. Сол арқылы бірқатар мәселе шешіледі.

Қазір банктің микрокредиттік құпиясы, салық бойынша құпияны мемлекеттік органдар қылмыстық іс жүргізіліп жатқанда ғана сұраныс беріп алады. Жаңадан құрылып жатқан ведомствоға осындай құпия қолжетімді болады. Азамат немесе субъект тізілімге (реестр) қосылған кезде қадағалау мақсатында ведомство қылмыстық істі қарамай да, ақпарат ала алады. Ол көп нәрсені көрсетеді.

– Заң жобасында көрсетілген тізілім (реестр) қашан құрылады және ішіне кімдер енгізіледі?

– Тізілім бойынша көптеген талқылау болды. Оған шектеулі тұлғалар ғана кіргізіледі. Оларға қатысты бірнеше талап бар. Ең бастысы – аффилиирленген тұлғалармен (аффилированные лица) бірге 100 млн доллардан көп қаражатқа ие болуы керек. Екінші талап – әкімшілік немесе лауазымды тұлғалармен қарым-қатынаста болуы. Қарым-қатынас дегенге не жатады деген сұрау тууы мүмкін. Олар тек жұмыс бойынша ғана емес, көмек көрсетуге бағытталған нормативтік құқықтық акт шығару, шешім шығарғаны ескеріледі. Үшіншісі – бәсекелестікке жатпайтын жағдай жасау.

– Дүние-мүлкі тексерілетіндердің қатарына тек Қазақстан азаматтары кіре ме, әлде бұрын елімізде тұрғандар, кейін азаматтықтан бас тартқандар да тексеріле ме?

Иә, олар да кіреді. Заң жобасының 3-бабына сәйкес, тек Қазақстан резиденттері ғана емес, шетел азаматтары да, азаматтығы жоқ адамдар да кіреді.

– 100 млн доллар туралы сөз қозғамас бұрын мысал ретінде тізімге енген бір азаматты алайық. Арнайы орган қаражаттың заңсыз жолмен келгенін дәлелдей алмаса, ол адам моральдық, психологиялық зиян келгенін айтып, сотқа арыздана ала ма?

– Адамдардың Конституциялық құқығы туралы да ойлауымыз керек. Егер азамат реестрға дәлелсіз енгізіліп, оның жұмысы тоқтатылып, бірқатар зардап шексе, заң жобасында мұндай зардаптың өтелетіні көрсетілген. Ол мемлекет бюджетінен өтеледі.

Азамат реестрға қосылғаннан кейін ол туралы хабарлама алады, содан кейін бір айдың ішінде тиісті декларация өткізуі керек. Ол жерде арнайы декларация болады. Оның формасы Қаржы министрлігі мен Бас прокуратураның қосалқы бұйрығына сәйкес дайындалады. Декларацияда толыққанды ақпарат көрсетілуі керек. Мүлік түрінде, бағалы қағаз түрінде қандай активі бар екенін көрсетіп, оны қандай қаражатқа және қандай кірісіне алғанын көрсетуі керек. Егер азамат заңды негіздемені дәлелдей алмаса, Бас прокуратура азаматтық сотқа шағымданады.

Қазір бізде осы механизм жоқ. Бұл – шетелдік практика. Заң клептократия мен 30 жылдың ішінде бірқатар заңбұзушылықтар, оның ішінде бәсекелестікке сай келмейтін актілер шығару арқылы (байыған) азаматтарға бағытталған.

– Заңсыз шығарылған активті қайтарудың бірнеше жолы бар екені айтылды. Оның ішінде «ынталантыру» пункті туралы айтып өтсеңіз.

– Ынталандыру – жақсы және керек сценарийдің механизмі. Азаматтың декларация тапсырмауы немесе декларацияда жалған мәлімет көрсетуі қылмыс болып саналады. Егер бәрін ашық түрде жариялап, тәркілеуге келіспесе және заңды жолмен иемденгенін көрсете алмаса, ол мүлікті азаматтық түрде қайтаруға мүмкіндігіміз бар. Осы нормалар арқылы азаматты бірқатар тәртіпке шақырамыз. Азамат өз еркімен келіп, барлық мүлікті мемлекетке қайтарса, прокурормен тиісті келісімшарт жасалады.

– Мүлікті өз еркімен қайтарған адамдардың аты-жөні аталмай ма?

Иә, реестр жабық түрде болады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – азаматтың активті, мүлікті заңсыз иеленгені туралы әлі сот шешімі жоқ. Ол бизнестегі адам болуы немесе бизнеске қатысты басқа келісімшарты болуы мүмкін. Акционер болса, компаниясының бағасы түсіп кетуі мүмкін. Түрлі салдардың алдын алу мақсатында жасалады. Активтерді мемлекетке қайтару басталса, оның құнының түсіп кеткені мемлекетке де тиімді емес.

– Алма Қайратқызы, заң жобасы туралы ақпарат бергеніңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама