Halyq Uni логотип
×

«Дауласудың керегі жоқ»: Сенат төрағасы ТЖМ жұмысын ашық сынады

Мәулен Әшімбаев салада түбегейлі өзгеріс жүргізу керек деп есептейді

 Дәурен Ерболат 15.06.2023 | 12:10
«Дауласудың керегі жоқ»: Сенат төрағасы ТЖМ жұмысын ашық сынады
Мәулен Әшімбаев, фото: parlam.kz

Абай облысындағы өрт ТЖ кезінде әрекет ету жүйесінің тиімсіз көрсетті. Құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіп болмады. Бұл туралы Cенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары – қаржы министр Ерұлан Жамаубаев пен Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевқа ТЖ саласына күрделі реформа жүргізу керегін айтты.

«Ерұлан Кенжебекұлы, Ибрагим Даукесұлы, Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін анық көрсетті. Бұл – ақиқат. Мұнымен дауласудың да керегі жоқ.

Тарихымызда бірінші рет осындай (алапат) өртпен күресіп жатсақ, ол түсінікті болар еді. Бірақ жыл сайын осындай жағдай болады. Былтыр күзде Қостанай облысында үлкен өрт болды. 40 мыңнан аса гектар орман, жер өртеніп кетті», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері құрылымдар арасында өзара үйлесімнің жоқтығын айтты.

«Сіздер президент тапсырмасын орындап жатырмыз деп ақпарат та бердіңіздер. Бірақ Абай облысындағы жағдай осы бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, құрылымдар арасында үйлесімнің, тәртіптің жоқ екенін анық көрсетті. Осыған байланысты осы саланы түбегейлі өзгертетін, дұрыстайтын уақыт келді деп есептейміз.

Президенттің тиісті тапсырмалары бар. Әріптестеріміз бағдарлама қабылданады деп баяндама жасап жатыр. Басқа да шаралар қабылданады. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша біраз іс-шаралар жүйеге асатыны сөзсіз», - деді Сенат төрағасы.

Спикер төтенше жағдай саласына қомақты қаржы бөлінетінін де атап өтті.

Қазір бюджетті қарап жатырмыз. Алдағы уақытта барлық ұсынысты қолдап, төтенше жағдай кезінде әрекет ететін барлық құрылымды қаржыландыру үшін келесі жылдың бюджетіне біраз қаржы енгіземіз. Ол – жүздеген млрд доллар. Бәріміз олардың дұрыс пайдалануын, олардың мақсатты түрде жұмсалуын, нәтижесі болуын қамтамасыз етуіміз керек, - деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама