Қазыбек Иса Оқу-ағарту министрі мен Шығыс Қазақстан облысы әкіміне депутаттық сауал жолдады
Риддер қаласында (ШҚО)өткен ғасырда салынған жалғыз «Шаңырақ» қазақ мектебі құлағалы тұр. Жергілікті шенеуніктер мәселені шешуге асығар емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазыбек Иса депутаттық сауалын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевқа, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовке жолдады.
«Риддер қаласындағы «Шаңырақ» атты жалғыз қазақ мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес одағы құрамында келе жатырмыз ба деген ой келді.
Шамамен 550 қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, яғни 1936 және 1952 жылдары салынған. Қазір тозығы жетіп, құлайын деп тұр. Олар кешегі Кеңес империясы кезінде, 1987 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ мектебін ашуға деген талап күшейіп, алдымен кешкі мектеп болып ашылған. Бірақ Тәуелсіздік алсақ та, жағдай сол Кеңес кезіндегіден оңалып кеткені шамалы...», - деді депутат.
Депутат Риддердегі 16 білім ошағының біреуі ғана қазақ мектебі екенін айтты. Жалпы шаһарда 12 орыс мектебі, 3 аралас мектеп бар.
Қазақ елінде шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддер қаласында қазақтілді мектептердің жетіспеушілігінен қазақ балаларының оқуына дұрыс жағдай жасалмай, зардабын ел көріп отыр. Соған қарамастан бұл қазақ мектебі білімі бойынша қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген.
«Шаңырақ» мектебіндегі 550 баладан басқа, аралас 4 мектепте шамамен 700 бала оқып жатыр. Осыған байланысты өтініш берушілер аталған мәселені шешіп беруді, қазақ мектептерінің ашылуын және жаңадан салынуын талап етуде, - деді Қазыбек Иса.
Қазыбек Иса «Шаңырақ» мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендердің жауап беруін талап етті.
Өйткені, мемлекеттік мүддеге қарсы мұндай шенеуніктер әр қалада жетеді. Олар әлі әкімдікте, білім саласында отыр.
Қабырғаңды қайыстырар қаптаған сұрақтардың ішінде, әсіресе, осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамайды? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз.
Қазақстанда қазақ мектебін ашамыз десе, «аралас ашайық» деп, араласып шыға келетін құлсаналы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз?, - деді депутат.
Қазыбек Иса Риддердегі қазақша оқитын балалар мен ата-аналардың ұсынысын қолдайтынын, биліктен мәселені шешіп беруді талап етті: