Депутат Ұлттық банктен базалық мөлшерлемені төмендетуді талап етті
Қазақстандағы банктер беретін несие пайызы өте жоғары. Осылайша, банктер халықты қанап отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Абзал Құспан депутаттық сауалын премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолдады.
«Жаңа Қазақстан» тіркесі трендке айналып, халық арасында жаппай қолданысқа еніп кетті. Алайда Жаңа Қазақстанды жылтыр сөзбен жаңғыртып, құра алмаймыз. Бұл анық. Оған нақты іс керек, шұғыл халықшыл шешімді талап етеді.
Ең бірінші, инфляция, баға деңгейі, экономикалық өсу қарқыны, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) және жұмыссыздықтың өзгеруін қамтитын макроэкономиканы жандандыру маңызды. Озық елдердің тәжірибесіне қарасақ, шағын және орта бизнестің дамуында банк саласы серпін беретінін көруге болады, яғни екінші деңгейлі банктер елдің дамуында шешуші рөл атқарады, - деді Абзал Құспан Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат елімізде банктер беретін кредитеттің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары екенін атап өтті.
Take-profit.org порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшерлемесі туралы ақпарат табуға болады. Дереккөзде Қазақстан ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75% (2023 жылғы сәуір) деп көрсетілген. Бұл – 159 елдің ішінде 143 орыннан көрінуге ықпал етті. Әлемнің озық елдерін сараласақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3.75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% деңгейінде белгіленген.
Посткеңестік елдерге тоқталайын. Өзбекстан ұлттық банкінің пайыздық мөлшерлемесі – 14%, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзербайжанда – 9% деңгейінде.
Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктердің пайыздық мөлшерлемесі – 0,25%, Камбоджада 0,88% екен, - деді ол.
Депутат Қазақстандағы банктердің халықты қанап отырғанын айтып ашынды.
«Жерінің асты байлыққа тұңған Қазақстан халқы неге кредитті 16,75 пайызбен алады? Бұған не себеп? Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ВТБ Банк пен Bereke bank АҚ жылдық пайыздық ставкасы – 21,5%.
«Банк ЦентрКредит» – 23,6%, «Еуразиялық банк» – 23,7% , Kaspi bank – 24,4%, Home credit bank 28,5% көлемінде кредит береді.
Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банкке қарызды 2-3 есе қосып қайтарады. Бұл халықты қанаумен тең ғой!», - деді Абзал Құспан.
Депутат Ұлттық банк жылдық шектеуіне қарсы шықты. Себебі, қазір халық кредитін әрең төлеп жүр.
«Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім. Соның салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25% пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредит 56% пайызға дейін көтеріліп, халықтың қарызға белшесінен батырып отыр. Ел арасында мемлекет кредитті кешіреді екен деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені, кредитін төлей алмай отырған адамдар көп.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2020 жылы 392 мың адамның кредитін төлемеген мерзімі 90 күннен асса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адамның кредитін уақытылы өтей алмағаны белгілі.
«Мемлекеттік кредиттік бюро» дерегінше (2023 жылғы сәуір), 7,5 млн қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77%-ы. 1,5 млн қазақстандық несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген.
Биыл 1 сәуірдегі мәліметке сәйкес, қазақстандықтардың несиесі 30%-ға немесе 7,7 трлн теңгеге өскен, яғни 822 мың адамның қарызы өсіп отыр. Бұл – ойлантатын мәселе», - деді ол.
Депутат қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан 2 факторды атады.
Біріншісі – қымбатшылық, екіншісі – жоғары пайыздық мөлшердегі кредит. Тек туризм саласына иек артатын Фиджидегідей төмен пайыздық мөлшерде кредит берілсе, халықтың әлеуметтік деңгейі көтеріледі. Қазақстанда 7,1 млн адамның кредиті бар, яғни халықтың 36%-ы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі.
Біз әлем елдерінің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, Қазақстан ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшерін (базалық ставканы) төмендетуді ұсынамыз. Айналып келгенде, бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болады, - деді депутат.
Сөз соңында Абзал Құспан премьер-министрден аталған мәселене назар аударуды сұрады.
Құрметті Әлихан Асханұлы, бұл мәселені Үкімет тарапынан тиісті бағдарламарды дайындап, жаңа жобаларды жасау қажет, шағын және орта кәсіпкерлікке мүмкіндіктерді беруіміз қажет және жылдық пайыздық мөлшерлемені (базалық ставканы) төмендетудің шешу жолдарын қарастыруды ұсынамын, - деп түйіндеді сөзін ол.