Батыс Қазақстан жол сапасы бойынша көш соңында тұр – премьер
БҚО-да шешімін таппай келе жатқан проблемалар аз емес, дейді Смайылов
Премьер-министрдің жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болғаны белгілі. Ол облыстағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралап, аймақтың даму жағдайымен, президент тапсырмаларының орындалуымен танысты.
Ақжайық өңірі – еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық аймақтардың бірі. Өңірде өз шешімін таппай келе жатқан проблемалар аз емес. Әсіресе Батыс Қазақстан автомобиль жолдарының сапасы бойынша республикада көш соңында. Оны жақында мемлекет басшысы да атап өтіп, маған және жергілікті билікке қажетті шараларды тез арада қабылдауды тапсырды. Осыған орай нақты шешімдер қабылданып, құзыретті органдарға тапсырма бердім, – деп жазды Әлихан Смайылов фейсбук парағында.
Сондай-ақ ол сапар барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін өзге де жобаларды пысықтап, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру ісін талқылағанын айтты.
«Мыңдаған адам жол азабын тартып отыр». Президент тапсырмасынан кейін БҚО жолдары жөнделмек.