Аманжол Әлтаев ел әскерін басқару үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру маңызды екенін айтты
Кеше Мәжіліс кулуарында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақ тілінде сұқбат беру туралы журналистің сұрағына «Патриот болу үшін қазақ тілін жетік білу маңызды емес» деген уәж айтты.
Министрдің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып, бүгін оған Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев та пікірін айтты.
«Руслан Фатихұлы!
Сіз, қатардағы азаматтың бірі емес, арқасына ел аманатын арқалаған Қорғаныс министрісіз. Сондықтан мемлекеттік тілге салғырттық танытпай, құрметпен қарауға тиіссіз. Мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы артыңыздағы сан мыңдаған сарбаздарға өнеге көрсетуге міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Әскеріміздің және оның кеңсесінің тілі толық қазақша болатын уақыт жетті. Өзіңіз айтқандай, қырық қазақ отырып ортадағы жалғыз өзге ұлт өкілі үшін орыс тілінде сөйлеу кеңестік жүйеден қалып қойған отарлық сананың көрінісі. Сондықтан да тәуелсіз елдің қолбасшы генералы ретінде бұл мәселеге жаңаша қараңыз», - деп жазды депутат.
Депутат Қорғаныс министрінің әскери маман ретінде кәсібилігіне, атқарып келе жатқан еңбегіне құрметпен қарайтынын жеткізіп, ел әскерін басқару үшін мемлекеттік тілді еркін меңгеру аса маңызды екенін айтты.
«Сіз секілді мемлекетік тілде сөйлеуге басында қиналса да кейін талабы мен жігерінің арқасында ана тілінде еркін, көркем сөйлеуге қол жеткізген генерал Тоқтар Әубәкіров ағамыз сізге жақсы үлгі бола алады. Репетитор жалдаңыз, қазақша кітап оқыңыз, отбасында қазақша сөйлесіңіз. Көп кешікпей жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыз», - деп қосты депутат.