Шухрат Миталипов әйелдер 35 жасқа толғанша тұңғышын дүниеге әкелуге тиіс екенін айтты
АҚШ-тың Орегон денсаулық және ғылым университетінің профессоры Шухрат Миталипов елімізде сәбилі бола алмай жүргендердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынып отыр. Ғалым әлемде «үш ата-ана» ұғымы бар екенін айтып, клиникалық зерттеудің үшінші кезеңін Қазақстанда өткізгісі келетінін жеткізді.
Halyq Uni тілшісі профессормен сөйлесіп, бедеулік және экстракорпоральды ұрықтандырудың жаңа тәсілі туралы білді.
«35 жастан кейін әйелдердің репродуктивті қабілеті төмендейді. Тіпті 40 жастан кейін бала көтере алмай қалады. Мұндай жағдайда әйелдер жасанды бала көтеру үшін экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) барады. Алайда кей әйелге ЭКҰ да көмектеспейді. Олар ұрық жасушасы арқылы бірнеше рет ЭКҰ жасауға тырысады. Нәтиже болмаса, донордың ұрық жасаушасын алуды ұсынамыз», - дейді Шухрат Миталипов.
Мұндай жағдайда басқа әйелдің ұрық жасушасы қолданылып, аталық ұрыққа қосылады. Екеуінен алынған эмбрион (ұрық) сәби көтере алмай жүрген әйелге салынады.
«Үш ата-анадан туған» деген ұғым бар. Әйелде 35-40 жасқа келгенде ұрыққа әсер ететін цитоплазма төмендей бастайды. Демек, эмбрионның дұрыс жетілуіне мүмкіндік бермейді. Сол себепті толық түрде донордың аналық жасушасын пайдаланамыз. Алайда тек цитоплазманы пайдаланып, әйелдің өз ядросын қалдыруды да ойладық. Жас донордан тек цитоплазма аламыз. 40 жастағы әйелдің тек ядросын қолданамыз. Жаңа цитоплазманы ядроға саламыз, сонда аналық жасуша пайда болады. Мұндай жағдайда баланы донор емес, анасы көтереді, - дейді Шухрат Миталипов.
Бұл технология егде жастағы және табиғи жолмен бала көтере алмайтын әйелдерге көмектеседі.
«Қазақстанда ЭКҰ өте жақсы дамыған. Нақты санын білмеймін, алайда елде мыңдаған бала экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген. Ал мен ұсынып отырған тәсіл қазір сынақтан өтіп жатыр. Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңі жақында ғана Грецияда жүргізілді. Осы тәсіл бойынша 6 бала дүниеге келді. Қазір балалардың жағдайын бақылап отырмыз. Клиникалық зерттеу бірнеше кезеңнен тұрады. Үшінші кезеңде зерттеуге көп адам қатысуы қажет. Осы бойынша жұмысты бастадық және қазақстандық ЭКҰ жасайтын емханаларды тартып жатырмыз», - дейді профессор.
Айтуынша, кей емхана бұл ұсынысты қолдаған. Алайда ғалым бұған мемлекеттік деңгейде қолдау қажет деп санайды.
Жаңа тәсіл болғандықтан, мемлекет тарапынан рұқсат болмаса енгізе алмаймыз. Алайда қазір бұған тыйым да салынбаған. Тағы бір мәселе – клиникалық зерттеу жасалған кезде пациенттерге қызмет тегін көрсетілуі керек. Дәл қазір бізге осы қызметті өтейтін қаражат керек. Қазақстанда ЭКҰ-ға квота беріледі. Дәл солай жаңа тәсілге де квота керек, - дейді ол.
Айтуынша, қазір Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығымен келіссөз жүріп жатыр.
«Қауымдастықтың мемлекеттен квота сұрауы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сол арқылы жүздеген адам зерттеуге қатысады. Неге Қазақстан деген сұрақ туады. Көптеген жаңашылдық Батыс елдерінде енгізіліп, содан кейін ғана Қазақстанға келеді. Сол себепті Қазақстанның алдыңғы қатарда болғанын қаладық. Алайда зерттеу тек Қазақстанда ғана емес, бір уақытта басқа да елдерде жүргізіледі. (...) Қазақстандағы статистиканы зерттедім. Мұнда ересек жастағы әйелдер бедеулік мәселесімен жиі бетпе-бет келеді. Бедеулік бойынша ер мен әйел деген статистиканы қарасақ, әйелдердің үлесі басым. Оның басты себептерінің бірі – әйелдердің 35 жастан кейін бала көтере алмай қалуы, аналық жасуша сапасының төмендеуі. Арасында ерте жастан бедеу болып қалатындар да бар», - дейді Шухрат Миталипов.
Ал ер адамдарда аталық ұрықтың сапасы жыл өткен сайын төмендейді. Алайда 60-70 жастағы ер адамдар да қиындықсыз сәбилі бола алады.
Әйелдер 35 жасқа толғанша тұңғышын дүниеге әкелуге тиіс. Қазір қыздар тұрмысқа кеш шығады. Олар жұмысына, оқуға, карьераға көп көңіл бөледі. Тіпті, 35-40 жастағы әйелдер де жас. Олар әдемі болып жүреді, фитнеске барады. Өкінішке қарай, аналық жасуша бізге бағынбайды... Мүмкіндік болса аналық жасушаны 35 жасқа дейін «қатырып» қойғаны жөн, - дейді Шухрат Миталипов.