Қытай мен АҚШ арасында күрделі қақтығыс болса, бұл әлем үшін төзгісіз апатқа айналады, - деді ол
Қытайдың Қорғаныс министрі Ли Шанфу бүгін Сингапурда өткен Шангри-Ла қауіпсіздік форумында АҚШ-ты сынады. Бұл ретте ол Қытай мен АҚШ қақтығысса, әлем үшін төзгісіз апат болатынын алға тартты.
Қытайлық министр халықаралық аудитория алдында АҚШ, Тайвань, Украина туралы айтты. Ол Қытай мен АҚШ жүйелерінің әртүрлілігіне және басқа да көптеген аспектілерде ерекшеленетініне тоқталды.
Бірақ бұл екіжақты байланыстарды дамыту және ынтымақтастықты тереңдету үшін ортақ тіл табуға кедергі болмауы керек. Қытай мен АҚШ арасында күрделі қақтығыс немесе қарама-қайшылық болса, бұл әлем үшін төзгісіз апатқа айналады, - деді Ли Шанфу.
Сондай-ақ ол Тайвань туралы айта келе, Бейжіңнің ресми ұстанымын – Қытай Тайваньды бақылауға алуды «ұлттық жаңғыру» мәселесі ретінде қарастыратынын алға тартты.
«Тайвань – қытайлық Тайвань. Ал Тайвань мәселесін қалай шешу – Қытайдың өз еркі. Егер Тайванды Қытайдан біреу бөліп алмақ болса, Қытай әскері бір секундқа да тартынбайды», - деді ол.