×

Ресей заңының көшірмесі ме. Заңгер жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы жайлы айтты

Қазақстан неліктен көрші елдің заңын үлгі етеді?

 Айнұр Шошаева 21.04.2022 | 10:30
коллаж: Halyq Uni

Қазақстан үкіметі бір ай ішінде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеп, жұртшылыққа таныстырды. Қоғамда аталған заң жобасы туралы «Ресей заңының көшірмесі» деген пікір бар. Осыған орай заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры Олег Зайцевтің айтуынша, Қазақстанға жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң керек, алайда қаржы министрлігі ұсынған жобаның бірқатар кемшілігі бар. 

Мен іс жүзінде заң жобасымен айналысуға келістім, уақытымды жұмсап, егжей-тегжей зерттедім, кейбір тұстары бойынша ескерту жасадым. Бірақ өкінішке орай, әзірлеушінің бізбен бірге жұмыс істеуге деген ынтасы жоқ сияқты. Өйткені біздің ескертулерімізге олар формалды түрде қарайтынын көріп отырмыз. Нақты пікірлерімізді талқылауға ниет білдірмеді. Бізге ескертулер үшін екі нұсқа жіберілді. Оларға жауап бердік. Бірақ сол соңғы ескертулеріміздің ескерілгенін білмейміз.  Бұл жерде ақпанда жарияланған мәтіннің редакциясына қатысты айтып отырмын. Содан кейін заң жобасының қалай өзгертілгенін білмеймін, - деді Зайцев. 

Айта кетейік, қаржы министрлігі заң жобасын таныстырғанда қоғамда аталған құжат «Ресей заңының көшірмесі» деген пікір айтылды. Заңгердің ойынша, қазақстандық заң жобасында көрші ел заңының ықпалы байқалады. 

«Ресей заңының әсері сөзсіз байқалады. Бірақ сөзбе-сөз көшірілді деп айту дұрыс емес. Ресейлік тәжірибенің тиімді тұстарын пайдаланып, жаман идеяларынан аулақ болу керек. Алайда жобада бұл екеуі де байқалады. Кейбір жақсы идеялар маған түсініксіз себептермен алынып тасталды. Ал кейбір жағымсыз идеялар көрініс тапқан. Байқауымша, әзірлеушілердің ресейлік тәжірибены алып, оны шығармашылық тұрғыдан қайта өңдеуге тырысқандары анық көрініп тұр», - деп қосты ол. 

Сарапшының айтуынша, әлемде банкроттық саласындағы заңнамасы жақсы жетілген АҚШ саналады. Көптеген мемлекет «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң негізіне Американың үлгісін алады. Қазақстандық әзірлеушілер де сол заң үлгісін негізге алса дейді. 

Менің алғашқы маңызды ескертуім ақпанда таныстырылған мәтінге қатысты болды. Онда америкалық модельден айтарлықтай айырмашылық бар. Америкалық модельде тарату процедураларындағы басқарушыны өтініш берушілер емес, әділет министрлігі тағайындайды. АҚШ-та басқарушылардың қызметін реттейтін мемлекеттік бөлім бар. Мұнда компьютерде кездейсоқ таңдау арқылы басқарушыны тағайындайды. Бұл олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Ал ақпанда таныстырылған қазақстандық жобада  басқарушыны өтініш берген адам ұсынады деп көрсетілген. Бұл модель нашар. Себебі бұл өтініш беруші мен басқарушы арасындағы сөзсіз келісімге әкеледі және процедуралардың тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді, - дейді маман. 

Заңгер қазақстандық әзірлеушілер қазірден бастап америкалық модельдің осы тұсын енгізу керек деген ойда. Мысал ретінде Ресейді келтірді. 

«Кезінде Ресей де басқарушыны өтініш беруші ұсынатын ережені қабылдады. Алайда бұл сөз байласуға әкеліп, нәтижесінде қазір олар да заңның осы тәртібін өзгертуге тырысып жатыр. Сондықтан мен бірден осы сәтсіз тәжірибені қайталамауға және заңға бірден енгізуге кеңес берер едім. Әйтпесе бәрібір 10-15-20 жылдан кейін осы тақырыпқа оралатыны сөзсіз. Бұл қатені қайталамаған жөн», - деді Зайцев. 

Сонымен бірге ол банкрот деп танылған азаматтарды оңалту жоспарын бекітуге қатысты түсініксіз тұстарына тоқталды. Сарапшының айтуынша, сот банкрот деп танылған азаматтар үшін оңалту жоспарын кредитордың келісімінсіз бекіткені маңызды. Бұған қоса қаржы министрлігі заң жобасында банкрот деп танылған азаматтарға 3 жыл бойы шетелге шығуға тыйым салуды ұсынып отыр. 

Бұл норманы сынап, пікір білдірдім. Өйткені борышкерді жазалауға, оған процедураны ауырлатуға тырысу – өте жаман шешім. Ертең азаматтар бұл процедурадан қорқып, одан аулақ болуға тырысады. Яғни, оны тиімді пайдалана алмайды. Сондықтан менің ойымша, банкроттық рәсімде елден шығуға тыйым салу немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салу сияқты шектеулер болмауы керек. Шын мәнінде, бұл – қандай да бір себептермен айыптауды және қорғау мүмкіндігін дәлелдеу процедурасынсыз әрекет ететін қылмыстық жаза. «Барлық банкрот адам - жаман адам және оларды жазалау керек» деген идея жатыр. Бұл ынталандыру тұрғысынан дұрыс емес, - деп қорытындылады Олег Зайцев. 

Атап өтсек, қаңтарда Қазақстанның батыс өңірінде басталған әлеуметтік наразылықтардан кейін Тоқаев кеңес өткізіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді. Атап айтқанда үкіметке «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеуге кірісуді тапсырды. Тура бір айдан соң үкімет «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын таныстырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама