Көреміз енді, жаттығып көретін шығармын, - деді ол
Францияның ашық чемпионатына («Ролан Гаррос» турнирі) қатысып жатқан Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Елена Рыбакина теннистен кейін спорттың қай түрімен айналысуы мүмкін екенін айтты. Ол жарысты ақпараттық жағынан қолдауға барған журналист Асқар Ағатаевқа «Ролан Гаррос» турниріндегі екінші жеңісінен кейін болашақта бокспен айналысып көретінін атап өтті.
Рыбакина чехиялық Линда Носкованы ұтқаннан кейін әуелі теннисшімен ойын туралы пікір білдірді.
Мен былтыр оның ойынын көргенмін. Ол хард төсенішінде жақсы ойнайды екен. Біз бұған дейін еш уақытта бірге жаттыққан емеспіз. Жолымыз да түйісіп көрмепті. Ол менімен жақсы ойнады. Әсіресе, допты жақсы береді екен. Маған өзімнің доп бергенім ұнаған жоқ. Солай болса да жеңдім. Соған қуанып отырмын, – деді ол.
Одан кейін Рыбакина боксшылардың халықаралық аренада жақсы жетістікке жетіп жатқанын, соған мысал ретінде кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді айтып, болашақта сол сияқты бокспен айналысып көретінін жасырмады.
Геннадийді білемін. Онымен ешқашан кездескен емеспін. Ол – керемет боксшы. Шынын айтқанда, бокспен шұғылданып көрмеппін. Енді жаттығып көретін шығармын. Бокс та жылдам қимылды қажет ететін спорт түрі. Теннисте де бокс сияқты өте тез қимылдап, тез ойлау керек. Жылдамдық керек. Мүмкін, бокспен де айналысып көрермін, – деді Рыбакина.
Еске сала кетсек, ол «Ролан Гаррос» турнирін жақсы бастап, үшінші айналымға шыққан еді. Сонымен бірге Қазақстанның басқа теннисшілері де турнирде жақсы өнер көрсетіп жатыр.
Юлия Путинцева да үшінші айналымға жолдама алды. Сол сияқты, Александр Недовесов те алғаш рет жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымында ойнайтын болды. Ол мексикалық Мигель Анхель Рейес-Вареламен бірге екінші айналымда уругвайлық Ариэль Бехар мен чехиялық Адам Павлашекті 6:4, 6:1 есебімен жеңді.