Мұғалім жіберетін үш қателік, математикадан қиналатын оқушылар: білім мотиваторымен сұқбат

Айгерім Таубай

Нұрлан Өтепов қазірге дейін 7 мың мұғалімге ақысыз семинар-тренинг өткізген 

коллаж: Halyq Uni

Баланың логикасы мықты болуы үшін үш жасында ойыншығын ауыстыру қажет. Мұндай пікірді педагогика ғылымдарының магистрі, «Математика-логика» кітабының авторы Нұрлан Өтепов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Маман оқушылардың жазғы демалысын жоспарлауға үш жақтан қарау қажет екенін айтады.

«Мамандар ұл-қызымызды жанымыздан екі аптадан ұзақ уақытқа жібермеу қажет екенін айтады. Екі аптадан асып кетсе, бала мен ата-ана арасындағы эмоционалды байланыс үзіле бастайды. Ал бізде жазғы демалыста екі-үш айға ауылға жібереміз. Бала ауылда кіммен сөйлесіп жатыр, оның көңіл күйі қандай, эмоционалды қолдау қажет пе деп ойламайды. Ауылда ата-әжесінің жанында қарны тоқ, көңілі көк дейді. Баланы екі апта ауылға жіберіп, екі апта ата-анасының жанында болуы керек», - дейді Нұрлан Өтепов.

Сондай-ақ маман баланың жазғы демалыс кезінде білімін жетілдіруі қажет деп есептейді.

Біз демалуға асығамыз. Бір не екі сағат жұмыс істесек, демалу қажет дейміз. Біз баланы үш ай бойы демалдыруға тырысамыз. Баланың үш ай бойы кітап бетін ашпай, IQ, логикасын дамытпауы, демалып жатуы – өте қате шешім, - дейді Нұрлан Өтепов.

Айтуынша, бала жазда екі апта демалып, екі апта логикалық білімін жетілдіруі немесе спортпен айналысуға баруы керек.

Сондай-ақ Нұрлан Өтепов менталды арифметиканың да пайдасына тоқталды.

Менталды арифметиканың бірнеше деңгейі бар. Бір таңбалы саннан бастап, екі, үш, төрт, бес таңбалы деп кете береді. Алғашқы 5 деңгейіне қатыстыруды ұсынамын. Әрі қарай бала миллиардтаған санды қолданып жұмыс істемейді. Мектепте, ҰБТ тапсырған кезде екі таңбалы санды жылдам алып-қосуды білсе, өзіне пайдалы. Өйткені уақытын үнемдейді, - дейді «Математика-логика» кітабының авторы.

Айтуынша, үш жастан бастап баланың логикалық білімін жетілдіру қажет.

«Ұл-қыздарымыздың логикасы бала кезден басталады. 1-2 жаста ыстық пен суықты үйренеді. Әрі қарай 3 жастан бастап баланың IQ, логикасын дамыта аламыз. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Біз 7 жасқа дейін ұл-қызымызбен ешқандай логикалық ойын ойнамаймыз, интеллектуалдық ойын дамытпаймыз, математикаға деген махаббатын ашпаймыз. Тек қана қуыршақ пен көлік әпереміз. Олар логикасын дамытуға көмектеспейді. Егер баланың логикасы жоғары болғанын қаласақ, кішкентай кезінен бастап ойыншығын ауыстыруымыз керек», - деп түйіндеді Нұрлан Өтепов.

Сұқбаттың видео нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.