Адал, таза екенімді дәлелдеймін, - деді ол
Еркін күрестен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Ақжүрек Таңатаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне тәуелсіз комиссия құруға өтініш білдірді.
Мен өзім басқарған Жамбыл облысындағы спорт интернатынан кеткелі маған қатысты біраз өсек әңгімелер болып жатыр екен. «Ақжүрек Таңатаров спорт интернатының жөндеуге бөлінген ақшасын жымқырды» деген сияқты әңгіме айтылып жатқан көрінеді. Оны Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында салды. Ол нақты ештеңе айтпай, өсек әңгіме таратты деп білемін. 2018-2019 жылдары түсірілген суреттерді жариялап, міне, жағдай осылай деп көрсетіпті. Шынына келгенде интернаттың жағдайы соған келіп тұр. Неге десеңіздер, 2003 жылы Жамбыл облысында осы интернат ашылғалы бері онда жөндеу жүргізілмеген. Мен интернатқа келгенде төсек-орындарын өзім ауыстырғанмын. Оған дейін ауыспаған, – деді ол.
Одан әрі Ақжүрек Таңатаров өзінің адал екенін дәлелдеу үшін ашық әңгіме, тексеру болса, ешкімнен де, ештеңеден де қорықтайтынын ескертті.
Енді мен осының бәрі шын екенін, өзімнің адал екенімді дәлелдеу үшін халқыма үндеу жолдап отырмын. Биылғы жылдың 5 қаңтарында «Дала Қырандары» жастар қозғалысының спорттық съезінде БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, спорттағы, оның ішінде Жамбыл облысының спортындағы барлық өзекті мәселелер туралы айтып берген едім. Мен бұған дейін де шындықты айтқанмын. Әрдайым шындықты айтуға дайынмын. Ешкімнен де қорқып отырған жоқпын. Оның үстіне өз лауазымым үшін күресіп жатқан жоқпын.
Бәрі табан астынан басталды. Мен президентімізге де үндеу жолдағанда өз лауазымымды қайтару туралы бір ауыз сөз айтқан емеспін. Менің мақсатым – спорт интернатына қайтадан директор болу емес, өзімнің таза екенімді дәлелдеу», – деді ол.
Осы орайда Ақжүрек Таңатаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне тәуелсіз комиссия құруға өтініш білдіретінін, комиссия жұмысының нәтижелерін жария ету керектігін айтты.