Halyq Uni логотип
×

«Азат Ресей» легионы Мәскеуге шабуылды жоспарлап отыр – БАҚ

Қазір мыңдаған үміткеріміз бар, - деді жасақтың командирі «Цезарь»

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2023 | 13:41
«Азат Ресей» легионы Мәскеуге шабуылды жоспарлап отыр – БАҚ
фото: ашық дереккөз

Ұлыбританияның The Times газеті Украинада РФ басқыншыларына қарсы соғысып жатқан «Азат Ресей» легионының мыңдаған отандастарын қатарларына алып, Мәскеу қаласына шабуыл жасағысы келетінін хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, қазірдің өзінде легионның жасағына қосылғысы келетін мыңдаған адам бар. Сондай-ақ БАҚ легион командирінің Мәскеуге шабуылдау туралы жоспар құрып жатқанын жазды.

Біздің қатарымыз күн өткен сайын көбейіп жатыр. Қазір мыңдаған үміткеріміз бар. Олар қолдарына қару ұстап, шекараға шабуыл жасағысы келеді. Біздің жауынгерлер көп болғанда Мәскеуге шабуыл жасаймыз, – деді «Цезарь» деген лақап ат алған легионның командирі.

Дерекке сүйенсек, қазір «Азат Ресей» легионының партизандары шынымен де көбейіп жатыр. Кеше Белгород облысында бет-ауызын тұмшалап, әскери киінген бір топ ер адам орман арасында өздерін партизандардың қатарына жатқызып, РФ халқына үндеу жасаған еді.

Еске сала кетсек, өткен аптада «Азат Ресей» легионы мен «Ресей ерікті корпусы» ұйымының сарбаздары РФ шекарасынан өтіп, Белгород облысының Горький және Щетиновка елді мекендерін бақылауға алып, кейін артқа қайтқан болатын.

Ресей шекарасына қарулы жасақ соңғы рет 1969 жылы басып кірген болатын. Ол кезде Кеңес Одағының шекарашылары Қытай Халық Республикасының әскерімен қарулы қақтығысқа барған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама