Halyq Uni логотип
×

Дрондардың Мәскеуге шабуылы: «Вагнер» басшысы Шойгуды айыптады (ВИДЕО)

Өңкей оңбаған немелер, мақұлықтар! Осының бәрі сендердің кесірлеріңнен! - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 30.05.2023 | 16:35
Дрондардың Мәскеуге шабуылы: «Вагнер» басшысы Шойгуды айыптады (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Бүгін таң ата бергенде Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына жиырмадан аса камикадзе дрон шабуыл жасады. Қолда бар мәліметке қарағанда, жан-жақтан келген дрондар бірнеше мекеменің ғимаратына, сондай-ақ тұрғын үйлерге зақым келтірген. Бұл туралы хабар әуелі тұрғындардың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды. Одан кейін ресми сайттарда шықты. Соңында ақпаратты қала мэрі Сергей Собянин Telegram-арнасында растады.

Мәскеу мэрі қаланың бірнеше ғимаратқа дрондар соғылғанын растап, зардап шеккендер мен қаза тапқан адамдардың болмағанын айтты. Ал Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев бірнеше дронның атып түсірілгенін мәлімдеді.

Іле-шала Қорғаныс министрлігі де мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, дрондарды атып түсіруге «Панцирь-С» жүйесін қолданылған. Бұл жүйені Қорғаныс министрлігі былтыр желтоқсан айында Мәскеуге жаңа жылдық мерекеде Украина тарапынан шабуыл болуы мүмкін деген ақпаратқа сай орналастыруға мәжбүр болған.  

Ресей Қорғаныс министрлігі әдеттегідей Украина тарапынан Мәскеуге қарсы террорлық әрекет жасалды деп мәлімдеді.  Ал Украинаның Бахмут қаласын бір жылдан бері ала алмай жатқан «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин, керісінше, Мәскеуге камикадзе дрондармен жасалған шабуыл үшін Қорғаныс министрлігі мен оның басшылығын айыптады. Ол әдеттегідей ведомство басшысы Сергей Шойгу мен оның қарамағындағы әскери қызметкерлерге былапыт сөздер айтып, біраз жерге апарып тастады.

Өңкей оңбаған немелер, мақұлықтар! Осының бәрі сендердің кесірлеріңнен! Сендер өзі не істеп жатсыңдар, малдар?! Сендерге елді қорғау үшін кабинет берілді. Ендеше, жұмсақ орындарыңнан тұрып, жауап беріңдер! Қорғаныс министрлігі Украинаға шабуыл жасау үшін ештеңе істеген жоқ. Неге сендер дрондарға Мәскеуге шабуыл жасауға мүмкіндік бересіңдер?! Егер сендердің «Рублевкадағы» үйлеріңе дрондар түссе, қалай болар еді?! Мен солай болсын деп тілеймін, оңбағандар немелер! Ал сонда қарапайым адамдар үйлерінің терезесіне жарылғыш заттары бар ұшқышсыз аппараттар түссе не істеуі керек, малдар?! Мен еліміздің бір азаматы ретінде қолдарынан ештеңе келемейтін мына сұмырайлардың кабинеттерінен шықпай, қорқып отырғандарына наразымын. Мына жексұрындарды жауапқа тартуды талап етемін! Талап етуге әр адамның хақы бар деп ойлаймын. Ал осыған дейін шабуыл болатынын бірнеше рет ескерткенмін. Мені ешкім тыңдамады, тыңдағысы да келмеді, – деді ол ашына сөйлеп.

Бұл Ресей астанасына жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін 3 мамырда Кремльге екі дрон соғылған болатын. Сол кезде Мәскеудің Әуе қорғаныс жүйелері дрондарды қағып түсірсе де, бір дрон тутұғыр тұсына құлап, Кремль ғимаратының күмбезіне түскен еді. Оқиғаны Ресей билігі «Путинге жасалған қастандық» деп бағалады.

Ал бүгінгі шабуылда бір емес, екі емес, 25 камикадзе дрон қолданылған.

Кеше Ресей әскері Киев қаласын атқылады. Одан бірнеше адам зардап шекті. Ғимараттар мен тұрғын үйлер қиратылды.

Киевтің мэрі Виталий Кличко бүгінгі Мәскеуге шабуыл туралы қысқа да нұсқа жауап берді. Ол: «Орыстар Киев жұртына тыныштық бермей жатыр. Ендеше, Мәскеу халқы неге тыныш ұйықтау керек?» деді. Соған қарағанда, екі ел арасындағы дрондар шайқасы енді қыза бастайтын сияқты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама