×

Қазақстанда авиа отын мен білікті ұшқыштар жетіспейді

Әуе компаниялары отынды Ресейден импорттауға мәжбүр

 Дәурен Ерболат 30.05.2023 | 10:50
фото: Азаматтық авиация академиясы

Қазақстанда авиа отын мен білікті ұшқыштар жетіспейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы премьер-министр Әлихан Смайыловқа азаматтық авиацияның дамуын тежейтін бірқатар проблема барын атап өтті.

«Біріншіден, авиа отын мәселесі. Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі ішкі нарықтағы авиа отын тапшылығы және оның қымбат болуы. Сондықтан отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайларымен бәсекелесе алмай қалады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етіп жатыр», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, нарықтағы авиа отын бағасының тұрақсыздығына байланысты әуе компаниялары жаңа халықаралық рейстер ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиа отын қажеттілігін өтемейді. Осыған байланысты отынды Ресейден импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиа отын өндірісінің жыл сайынғы көлемін (жылына 1 млн тонна) ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді, - деді министр.

Екіншіден, салада жоғары білікті кадрлардың тапшылығы бар.

«Бүгінде салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2025 жылға дейін қосымша кадрларға қажеттілік артып келеді (жыл сайын 500-600 маман). Қазақстанда Орталық Азия елдерінде кадр даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істейді. Алайда академия түлектері ИКАО стандарттарына және мамандар дайындау саласындағы басқа да халықаралық талаптарға сәйкес келмеу себебінен сұранысқа ие емес», - деді министр.

Министрдің айтуынша, әуе компаниялары кадрларды өздері оқытуға мәжбүр.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу және студенттеріміздің сұраныс деңгейін арттыру үшін біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі реформалау, сондай-ақ оқыту процесін ИКАО-ның озық стандарттарына сәйкес келтіру мәселесін пысықтап жатырмыз, - деп сөзін түйіндеді Марат Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама