«Министр шешім қабылдап алып, бұйрық шығармай отыр». Жаттықтырушы федерациядағы келеңсіздіктер жайлы айтты

Ербол Тұрымбет

Ауыр атлетикадан ұлттық құрама ерлер және әйелдер болып екіге бөлінбек

коллаж: Halyq Uni

Қазақстанға белгілі Жасұлан Қыдырбаев, Айдар Қазов секілді зілтеміршілерді жаттықтырған, 20 жылдан бері бапкерлік қызметте келе жатқан Дәулет Әділғазин ҚР Ауыр атлетика федерациясын болып жатқан келеңсіздіктер мен жас спортшылардың жолын байлайтын кедергілер туралы айтып берді.

Дәулеттің айтуынша, мықты спортшылар ұлттық құрамаға іліну үшін бала кезінен бастап шынықтырған, дайындап шығарған жеке бапкерін «ұмытуға» тиіс. Себебі, спортшы халықаралық жарыстарда жүлдегер болса, бапкерге берілетін сыйақыны бөліске салғысы келмейді. Мұндай «талапқа» көнбеген талай ел чемпионы құрамадан шеттетіліп, айтулы додалардан құр қалады екен. Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында мұның бәріне ұлттық құраманың бас бапкері болған Бақыт Ахметовті кінәлады.

«ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІ МЕН ФЕДЕРАЦИЯ ӨЗГЕРІСКЕ ҚАРСЫ»

- Дәулет мырза, дау неден басталды?

- Альберт Линдердің қазасынан кейін федерациядағы мәселе Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға дейін жетті. Министр арнайы келіп, споршылармен, баркерлермен жиналыс өткізді. Бір ай бұрын Талдықорған қаласында Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жаққа министр, «Қазақстан спортын трансформациялау» жобасының өкілдері, Олимпиада комитеті мен федерация өкілдері келіп, барлығы дауысқа салу арқылы бас бапкерді таңдады.

Бұрын ондай болмаған. Федерация бас бапкерді ұсынып, оны министр бекіте салатын. Осы жолы әділетті жолмен барлығы дауысқа салу арқылы бас бапкер тағайындалды. Ол жерде Дәурен Бекмұханбеттен бөлек, федерация тарапынан да 1-2 кандидат болды. Дәурен Бекмұхатбетов 17 өңірде бойынша бапкерлердің 14 дауысын жинап, жеңіп шықты. Сол жерде Дәурен Бекмұханбет жаңадан бас бапкер қызметіне кіріседі деген министрдің шешімі болған. Солай тарастық.

Одан бері бір ай уақыт өтті. Сұрастырсақ, ешқандай бұйрық шықпаған. Ұзын сөздің қысқасы, Ауыр атлетика федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан келіспейтіндер шығып, бұйрық шықпай қалған.

- Дәурен Бекмұхатбетовтің бас бапкер болуына қарсы болып тұр ғой?

- Иә, Ұлттық олимпиада комитеті мен федерация осындай өзгерістерге қарсы болып тұр. Не үшін екенін түсінбедім. Біздің көздегеніміз – әділ, допингсіз, жаңа әдістемеге негізделген спорт. Облыста жүрген бапкерлердің бәрінің де қалағаны сол. Бірақ, бұл өзгерістердің ешкімге керегі болмай тұр. Былай қарасаңыз, барлық бапкердің құқығы тапталып жатыр. Ұлттық құраманың бас бапкерін демократиялық жолмен - ашық түрде дауыс беру арқылы таңдап алғанбыз. Алайда, жоғарғы жақтағы 1-2 адам бәрін өзгерте салады.

Ауыр атлетиканы ұстап тұрған – өңірдегі бапкерлер, қара жұмыстың бәрі солардың мойнында. Талантты баланы іздеп табатын, ол үшін қанша уақытын сарп етіп, оны ұлттық құрамаға енгенше тәрбиелейтін солар. Бірақ олардың сөзі аяқасты болып, жерге тапталып жатыр.

фотосурет: Дәулет Әділғазин мен Жасұлан Қыдырбаев

- Неге көпшіліктің таңдауы Дәурен Бекмұханбетке түсті. Неге бас бапкерді өзгерту керек болды. Өзіңіз айтып отырған «әділ, допингсіз спорт» дегендерді тағы да ашып айтсаңыз.

- Бұл бірнеше жылдан бері шешімін таппаған жағдай. Көп спортшы ұлттық құрамаға кіре алмайды. Бұл жерде бәсекеге ілесе алмайтын спортшыларды айтып тұрған жоқпыз. Кәдімгі, ел чемпиондары әділетсіз түрде командаға қабылданбай, жарыстардан құр қалып жатады. Неге десеңіз, ұлттық құрамадағы бапкерлер спортшыларды «өзінікі», «өзінікі емес» деп жіктеп тастаған. Өздеріне жақын спортшыларды, өздерін «бапкер» деп айтып-жазатын спортшыларды ғана құрамаға қабылдап алады. Айтқанымен келіспесе, ұлттық құрамаға алмайды.

«ЖЕКЕ БАПКЕРІҢДІ ҰМЫТ, ӘЙТПЕСЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА АЛЫНБАЙСЫҢ!»

- Мұндай «талап» не үшін қойылады?

- Мәселен, әр спортшыны бала күнінен жаттықтырып келе жатқан жеке бапкері болады. Сосын ол шәкіртке ұлттық құрамаға қабылдану үшін «жеке бапкеріңді ұмыт болды, енді сенің бапкерің біз, бізді бапкер ретінде жазасың» деген талап қояды. Мақсаты – жетістікке жетсе сыйақысы бар.... Соның жетістігі арқылы атын шығару, абыройын көтеру шығар...

Ұлттық құраманың бапкері бейтарап адам болуы керек. Ал, олар қарақан басының пайдасын ойлайды, әділетсіздіктерге жол береді.  

- Ұлттық құрамаға енбей қалған чемпиондарды атай аласыз ба?

- Мен Алматы қаласында жаттықтырамын. Сейітқазы Еламан деген бала бар - жастар арасында, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы. Әлі күнге дейін ұлттық құрамада жоқ. Одан бөлек өзімнің жеке оқушыларым бар - Петр Хребтов, Мейрам Сұлтан. Олар да жасөспірімдер арасында, жастар арасында ҚР чемпионы болды. Бірақ, құрамаға әлі алынбай жүр.

- Не үшін?

- Бәрі сол жоғарыда айтқанымдай. «Егер оқушыларыңыздың ұлттық құрамада болғанын қаласаңыз, онда бізді бапкер қылып жазасыз» деді. Мен оған келіспедім.

- Нақты ондай талапты қойып жүрген кім?

- Маған оны ЦОП-тың (Олимпиадалық даярлау орталығы – ред.) бапкері Жәнібек Кішкенбаев деген жігіт айтты. Бүкіл жастар, жасөспірімдер құрама командасы сол ЦОП-та жүреді. Ол сол жерде бапкер болып қызмет етеді. Ол маған: «егер осы екі баланы кіргізем десеңіз, мені бапкер қылып жазыңыз, мен Ахметовпен (Бақыт Ахметов, Ауыр атлетикадан осыған дейінгі ұлттық құраманың бас бапкері – ред.) сөйлесіп беремін» деп ашық айтты. Бұл жерде барлық мәселені Ахметов шешіп отырды.

Одан бөлек, Алматы облысынан шыққан Анатолий Савельев деген жігіт ересектер арасында бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанды. Бірақ ол да ұлттық құрамаға алынбай жүрді. Өйткені, әлгілердің дегеніне келіспеген. Жеке бапкерін «сатпаған» спортшылардың бәрі осылай шеттетіліп қала береді. Ал, келіскендері құрама сапында жүр.

25 жасында қайтыс болған Азия чемпионы, Универсиада рекордшысы - қазақстандық ауыратлет Альберт Линдер

- Қазір Федерациядағы жағдай не болып жатыр? Қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге жарылды ма?

- Бұл жерде федерацияның бапкерлері ғана емес, 17 өңірдің 14-і бізді қолдап отыр. Өйткені, ұлттық құрамаға кіре алмай жүрген таланттар көп. Кірсе де психологиялық, моральдық, физикалық тұрғыда қысымға ұшырап, құрамадан қуылған қаншама спортшы бар. Қолдан «зорықтырып», артынан жарақат алып алыстағандар да бар. Түрлі манипуляциялар жасалады: допингпен қорқыту, кінәлі қылып шығару…

«МИНИСТРДІҢ ДЕ ҮСТІНЕН ҚАРАЙТЫН АДАМ БОЛЫП ТҰР»

- Мұндай жағдай қашаннан бері жалғасып келе жатыр. Альберт Линдердің жұмбақ өлімі Федерацияның ішкі жағдайын сыртқа шығарып жатқан сияқты.

- Альберт Линдердің қазасынан кейін бұрынғы құрамада болған спортшылар, Олимпиада, Әлем чемпионатының жүлдегерлері, бұрынғы, қазіргі құраманың, жасөспірімдер құрамасының спортшылары мен бапкерлері де бәрін ашық айта бастады.

- Енді министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті және федерациямен арада келіссөздер жүріп жатыр ма?

- Дәурен Бекмұханбет бәрімен хабарласып жүр. Министрлікпен әңгіме жүріп жатыр. «Біздің бұйрықты шығартпай отыр» деген ақпарат сол кісілерден келіп жатыр. Менің түсінгенім, бұл жерде министрдің де үстінен қарайтын адам бар болып тұр. Сол жақтан қысым көрсетіліп жатыр деп ойлаймын. Әйтпесе, министр бізбен бірге жиналыс өткізіп, осындай шешім шығарып кеткен. Одан соң Дәурен Бекмұханбет жұмысқа қабылдау бойынша өтінішін жазып жіберді. Бірақ ол астанаға барып, қандай да бір себеппен Спорт комитетінде жоғалып кетіпті. Оны министр де білмейді. Ал министрге «Дәуреннің өзі жұмыс істегісі келмейді, бас тартып жатыр» деген басқа ақпарат жеткен. Сосын Дәурен министрдің өзімен сөйлесіп, ақыры өтініші табылған.

- Ендігі қадамдарыңыз қалай болмақ?

- Күтіп отыра бермейміз, бұрынғы команданың болғанын қаламаймыз. Қарсымыз. Оның өңірдегі бапкерлер де, спортшылар да қалап отырған жоқ. Кейбір спортты тастамақ ойда жүр. «Еш мәні қалмады, жаттыққымыз келмейді» деп жүр. Өткенде өзгеріс болатынын естігенде бәрі қайтадан жаттығуын бастап, бір серпіліп қалды. Енді шешілмесе, Президентке дейін шығамыз. Халықаралық ұйымдар, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бар.... Мұны жәй қалдырмаймыз. Өйткені қаншама бапкер мен спортшының еңбегі зая кетіп жатыр.

АУЫР АТЛЕТИКАДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ЕРЛЕР ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР БОЛЫП ЕКІГЕ БӨЛІНЕДІ

Айта кетейік, 19 қазанда ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов қызметінен босатылды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Ауыр атлетика федерациясы басшылығы атлеттер мен жаттықтырушылардың ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына қатысты берген шағымдарын қарап, осындай қорытындыға келген.  

Ал бүгін Ауыр атлетика федерациясы бас бапкерлікке қатысты ресми мәлімдеме жасады. Федерация ҚР Ұлттық олимпиада комитеті және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетімен келісім бойынша штаттық ұлттық құраманы жеке командаларға (ерлер және әйелдер) бөлу туралы шешім қабылдаған.

Осыған байланысты, ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер құрамасына тәлімгерлерді тағайындау 7-17 желтоқсан аралығында Ташкент қаласында өтетін Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Командалардың бас жаттықтырушыларын тағайындау мен жаттықтырушылар штабын қалыптастыру бекітілген талаптар негізінде жүзеге асырылады. Ал талаптарға допингке қарсы ережені бұзбау, соттылықтың болмауы, тиісті тәжірибе мен нәтижелерінің болуы кіреді.

Біздің спорт түріндегі жарыстар бірлесіп өткізілетініне қарамастан, ауыр атлетикадағы ерлер мен әйелдердің спорттық дайындығы бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді. Жалпы ережелерден басқа, жүктемелердің қарқындылығына, эмоционалды, психологиялық және медициналық-биологиялық қолдауға сараланған көзқарасты талап ететін әйелдер денесіне ғана тән ерекшеліктер бар. Бұдан басқа, командалардың бөлінуі ұлттық құрамадағы штаттық бірліктердің санын одан әрі арттыруға және екі командадағы жаттықтырушылардың кәсіби ұжымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Екі командаға да тәлімгерлерді тағайындау ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен Талдықорған қаласында өткен жаттықтырушылар кеңесінде айтылған пікірлерді ескере отырып, 2021 жылдың соңына дейін қабылданатыны сөзсіз, - дейді Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.