Кезінде қазақтар астарлап, мақалдатып сөйлейтін, - деді ол
Commutator Youtube арнасына журналист Татьяна Бендзьдің белгілі жазушы, режиссер, киноматограф Ермек Тұрсыновпен қазақ тілі туралы сұхбаты шықты.
Сұхбатта журналист режиссерден мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікірін сұрады. Қазақ тілін дамыту үшін не істеу керектігін білгісі келіп, бірнеше сұрақ қойды. Ол сұрақтарға киноматограф мүмкіндігінше нақты дәлелмен жауап беруге тырысты.
Жазушы қазір елімізде, жалпы дүниежүзінде ағылшын тілі ең танымал тіл болып отырғанын, кезінде оны ешкім үйретпегенін, өзі мәжбүрліктен үйренгенін, сол себепті қазақ тіліне де қажеттілік тудыру керектігін айтты.
Осы ретте Ермек Тұрсынов бүгінде ағылшын тілі қарым-қатынастың, экономиканың, ғылым мен білімнің, өркениеттің тіліне айналғанын атап өтті.
Қазір ең танымал тіл – ағылшын тілі. Өйткені ол адамның өмір салтына айналды. Ол тілді бәрі үйренгісі келеді. Оған қажеттілік бар. Ал қазақ тілі неге дамымай жатыр деген мәселеге келсек, сізге – өтірік, маған – шын, қазақ тіліне қажеттілік болмай тұр. Қазақ тілін жақсы білсеңіз, ол – адамның өзінің жеке жетістігі. Ол тойда керемет сөйлеп, тілек айтуы мүмкін. Ал бірақ жалпы алғанда, бұл оның дамуына, тұрмысын жақсартуға, үлкен жетістікке жетуіне әсер етпейді. Біз адамдарды тілді үйренуге мәжбүрлейміз. Меніңше, бұл дұрыс әдіс емес. Ал ағылшын тілі не үшін қажет? Өркениетті әлеммен еркін араласу үшін сол тілде сөйлесу керек. Қазір көпшілік қытай тілін үйреніп жатыр. Себебі Қытай – көптеген экономикалық көрсеткіш бойынша дамып кеткен ел, – деді ол.
Сұхбатта Ермек Тұрсынов орыс тілін де айналып өтпеді. Ол бүгінде ел ішінде орыс тілін жау санап, барлық проблеманы содан көретіндердің қатары артқанын айтып қалды. Орыс тілінің әлемдегі ең көп таралған тілдердің алғашқы ондығына кіретінін, оны түртпектемей, керісінше, алғыс айтумыз керектігін, тіпті, Абайдың өзі орыс тілін аса құрметтегенін атап көрсетті.
Қысқасы, орыс тілі – ғылым, саясат, дипломатия, әдебиеттің тілі, – деді ол.
Сұхбатта киноматограф қазақ тіліне ешқандай қарсылығы жоқ екенін, өзін кәсіпқой аудармашы санайтынын, әдеби аудармамен айналысып, қазақ классиктерін орыс тіліне тәржімалағанын ескертті. Содан кейін ол қазақ тілі тақырыбына қайта келіп, оның тиісті деңгейде дамымай жатқанын орыстілді шенеуніктерден көрді. Осы жерде сұхбат алушы журналист те 30 жылдан бері бір ауыз сөз қазақша білмейтінін, қазақ тілін мүлде үйрене алмай жүргенін айтты. Ермек Тұрсынов оның пікірімен толық келісетінін, қазақ тілі 30 жылды жоғалтып алғанын, соңғы 30 жылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай адамдарға мемлекеттік тілді үйренуге мүмкіндік бермегенін атап өтті.
Білесіз бе, маған елдегі ахуал ұнамайды. Егер біз осы 30 жылды тиімді пайдаланғанда, қазақ тілі де өз деңгейіне шығар еді. Елдің және тілдің жағдайын екі түрлі етіп қарастыруға болмайды. Бұл бір-біріне тәуелді, өзара байланысты заттар, – деді сұхбат беруші.
Дегенмен ол өзіне бүгінгі қазақ тілінің мүлде ұнамайтынын, ана тіліміздің кедей тілге айналып бара жатқанын айтты.
Кезінде қазақтың қарттары астарлап, мақалдатып сөйлейтін. Олардың сөзі кез келген қарудан да өткір еді. Ал бүгінгі қазақ тілі – кедей тіл. Ауызекі тілге айналып кетті. Негізі қазақ тілі – өте бай, әмбебап, керемет тіл. Мен осы байлықты жоғалтқанымызға өкінемін. Тіліміз бір стендаперлік тілге, блогерлер мен теледидардың тіліне айналып келеді, – деді ол сөз соңында.