Психоаналитик Жанат Бақыт туралы: «Жындыханаға жататын адамның сөзі»
Жұлдыз Төлеу ретрит пен есірткі, дінге тәуелділік, депрессия жайында кеңірек баяндап берді
Орталық Азия психоанализ институтының түлегі, психоаналитик Жұлдыз Төлеу Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында бүгінгі қоғам өміріндегі психикалық процестердің себебі мен маңызы туралы әңгімеледі.
Жаңаөзен оқиғасынан соң депрессияға түскенін айтқан журналист психоанализ саласына қалай бет бұрғаны жөнінде баяндап берді. Сондай-ақ тұлға мәселелеріне қатысты сөз қозғаған ол Жанат Бақыт «феноменіне» қатысты былай деп пікір білдірді.
Оның жанында қазір ауыр, психикалық кезең жүріп жатқан секілді. Оны секта, бизнес деп айта алмаймын. Адамның саулығын бетпе-бет сөйлескеннен кейін ғана аңғаруға болады, - деген психоаналитик сау адам мен психикалық ауытқушылығы дендеген адамның сөйлеу мәнеріндегі айырмашылық туралы айтып өтті.
Маманның сөзінше, қазір әлем өте күрделі кезеңді басынан өткеріп жатқандықтан, адамның құдыретті күшті іздеуі – заңдылық.
«Егер әңгіме Кенесары хан туралы болса, сау адам «шіркін-ай, Кенесары ханның әруағы риза болуы үшін басы елге әкелінсе, дұрыс зерттеулер болса ғой» деп жеткізеді. Ал шегаралық тип, яғни психикасы екіжақты адам «Кенесары ханның басы табылды» деген сияқты ойға қонымсыз дүниелер айтады. Үшінші тип, яғни психиатриялық ауруханаға жататын адамның деңгейінде «Мен өзім Кенесары болып келдім» деп айтады. Ал Жанат Бақыттың идеясын білімді, танымал журналистер де қолдап, жазып жатты. Тек қана қазақ қоғамы емес, әлем өте бір күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондай бір күрделі кезеңде адам жаны ғажайыпқа, құдыретті күшке сенгісі келеді. Қазіргі өзгеріс өте қарқынды жүріп жатқандықтан, адамның психикасы дайын емес. Біздің бейсанамыз қорыта алмай жатыр. Бірқатар психоаналитиктер айтып жүргендей, ғаламдық жылыну, мұздықтардың өте тез еруі, күннің қатты әсер етуінен психикада біртүрлі өзгерістер жүріп жатқаны анық. Өйткені адам – макрокосмостың микро бөлшегі. Бұл деградация ма, әлде басқа кезеңге өту ме, белгісіз», - деп жауап берді маман.
Сұқбаттың толық нұсқасын Halyq Uni youtube арнасынан көруге болады.
Маманның айтуынша, кішкентай отбасын байытуды ғана ойлайтын жемқор адамдар бала күнінен махаббатқа зәру болып өсуі мүмкін.
Психоаналитик әңгіме барысында ЛГБТ, сәнге айналған ретриттер мен есірткілер, дінге тәуелділік, депрессияның ушығуы сынды қоғамдағы өзекті мәселелердің ара жігін талдайды.