Halyq Uni логотип
×

Тест тапсыру кезінде көз жұмған мұғалім қазасынан кейін педагогтерді аттестаттауды алып тастай ма

Ұстаздар ұлттық біліктілік тестілеуді 2018 жылдан бастап тапсырып келеді

 Айнұр Шошаева 19.04.2022 | 11:30
Тест тапсыру кезінде көз жұмған мұғалім қазасынан кейін педагогтерді аттестаттауды алып тастай ма
фото: t.me/aimagambetov

14 сәуірде Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін тапсыруға келген 49 жастағы мұғалімнің жағдайы күрт нашарлап, құлап қалған. Ер адам жедел жәрдем келіп үлгергенше көз жұмған.

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді аттестаттауды алып тастау туралы ұсынысқа пікір білдіріп, «қайғылы оқиғадан кейін мұғалімдер тапсыратын біліктілік тестерінің саны азая ма?» деген БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

«Жасырмаймын, аттестацияны алып тастау – ең көп келетін ұсыныстардың бірі. Мұның алдында 2018 жылдан бастап аттестация енгізілді. Мен осы тестілеуді алып тастаймыз десем, бәрі бөркін аспанға лақтырып, қуанатыны түсінікті. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Ең қажеті – білім беру сапасы», – деді министр.

Министр салаға қатысты шешім қабылдағанда ең әуелі жекелеген топтарға емес, жалпы халыққа пайдалы жағын негізге алатынын түсіндірді.

«Бізде ең басты мәселе – жақсы білім алу мәселесі. Сондықтан біз біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін шешім қабылдамаймыз. Біз елге қажетті шешім қабылдаймыз. Бұл өте маңызды мәселе», - деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама