«Қонақтарымен жүре берсін». Екі облыс әкімінің орынбасары депутаттан сөз естіді
Дания Еспаева ғылым тақырыбындағы жиынға онлайн режимде қатыспаған шенеуніктерді сынға алды
Бүгін Мәжілісте ғылымды дамыту мәселесі талқыға салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Отырыста депутаттар өңірлерде облыс әкімдіктерінің қолдауымен қандай ғылыми жобалар іске асырылып жатқанын сұрады.
«Облыс әкімдігі өңіріміздің экономикалық мәселелерін шешу үшін жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін пайдаланып отыр. 2022 жылы ғылыми зерттеулерді қолдауға облыстық бюджеттен 22 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа төрт жоба іске асырылды. Биыл бес жобаға 35 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді алты жоба қаралып жатыр», - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналысқа қатысқан жоқ. Облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран әкім орынбасарының басқа жиынға қатысып жатқанын айтты.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева басшыға ескерту жасады.
Келесі жолы облыс әкімдері шақырылса, олар болуға тиіс. Ескертіңіз, сізден өтініп сұраймын, - деді депутат.
Сондай-ақ сөз Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тынәлиевке берілді. Ол да жиналыста болмай шықты.
Өкінішке қарай, қазір облыс әкімінің орынбасары орнында жоқ. Қазір ол облыста қонақтармен жүр, - деді Мәжілістегі Үкімет сағатына онлайн қатысып жатқан Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілі.
Дания Еспаева маңғыстаулық шенеунікке де ескерту жасады.
Онда сұраққа жауап бермей-ақ қойыңыз. Ол қонақтарымен жүре берсін. Әкімнің орынбасарына бізден (депутаттардан) сәлем айтыңыз. Біз ақтаулықтардың қонақжай екенін білеміз. Сіздерден жауап керек емес, - деді депутат.