«Теміртас түсінді, бапкері ренжіді»: Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатына неге Тәшкенбайды апарғанын түсіндірді

Наима Нұрәлі

Бас бапкер финалда жеңілген Дулат Бекбауовты қалай жұбатқанын айтып берді

коллаж: Halyq Uni

Бокстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов не себепті Ташкенттегі чемпионатқа 48 келі салмақ дәрежесінде 2021 жылы әлем чемпионы атанған тәжірибелі боксшы Теміртас Жүсіповті емес, 19 жастағы Санжар Тәшкенбайды апарғанын түсіндірді.

«Теміртас Жүсіпов кезінде Біржан Жақыповқа қарсылас болып жүрді. Біржаннан кейін бағы жанып, үлкен жетістікке жетті. Ал енді Теміртаспен бәсекелес болып жүрген Санжар Тәшкенбайдың да бағы жанды. Жетістік бәсекеден туады. Екеуінің бірін таңдау өте қиынға соқты. "2021 жылдың әлем чемпионы болған тәжірибелі боксшыны неге алмадың?" дегендер болды. Былтыр Азия чемпионатында атой салған Санжар Тәшкенбайдың мықтылығына көзім жетті. Үміт арттық, сенім ақталды. Жарысқа кетіп бара жатқанда Теміртастың арқасынан қағып: "Еңсеңді түсірме, дәл қазір Санжар дұрыс болып тұр", деп айттым. Теміртас түсінді. Бірақ бапкері ренжіген сыңай танытты. Мен Теміртас ренжіді деп ойламаймын. Өйткені біздің дұрыс таңдау жасағанымызды өзі де біледі. Бірінші кезекте, бапкер ретінде ұстанымым солай. Ел намысын қорғайтын үлкен жарысқа мықтының мықтысы ғана баруы керек. Осы тұста біз құрамаға алған жігіттердің ешқайсынан қателескен жоқпыз деп ойлаймын», - деді бас бапкер.

Сондай-ақ Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатының финалында жеңілген Дулат Бекбауовтың мәселесіне тоқталды. 

Мен рингтен шыққаннан соң "Басыңды көтер, сен лайықсың. Жақсы нәтиже көрсеттің. Күмістің өзі қайда жатыр... Қанша әріптесің күміске де жете алмады. Аллаға шүкір де. Басыңды көтер", деп жігерлендірдім. Себебі күміс медаль алу – әркімнің бағына бұйыра бермейді, – деді Мырзағали Айтжанов.

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында алтын жүлде алған – команда капитаны Асыланбек Шымбергенов Halyq Uni редакциясында қонақта болды.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Ташкенттегі жетістік, Олимпиадаға дайындық, бокстағы бәсеке туралы сұрақтарға жауап берді.

Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан командасы төрт алтын медаль еншіледі. Финалға бес қазақ боксшысы шығып, оның төртеуі жеңіске жетті.

Санжар Ташкенбай (48 келі) және Махмуд Сабырхан (54 келі) әлем чемпионы болды. Дулат Бекбауов (67 келі) финалда жеңіліп, күміс медаль еншіледі.

Команда капитаны Асыланбек Шымбергенов (71 келі) финалда өзбек боксшысы Саиджамшид Джафаровтан басым түсіп, чемпион атанды.

80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай финалда Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқанға қарсы жекпе-жекте үстем түсіп, Қазақстан қоржынына төртінші алтын медаль салды.