×

«Халық әртісі» атағын кімдерге беру керек: Сүндет Байғожинмен сұқбат

Опера әншісі шығармашылық жолы, басшылық қызметтен не себепті кеткенін айтты

 Айгерім Таубай 22.05.2023 | 12:00

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Сүндет Байғожин қазір Италияда тұрады. Шығармашылық жолын шетелде жалғастырып жүрген опера әншісі Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында Қазақстанның атын әлемдік аренада көрсеткісі келетінін айтты. Сондай-ақ шығармашылық жолы, елдегі қызметтен не себепті кеткенін айтып берді.

– Сүндет, Қазақстанға қош келдіңіз! Білуімше бірнеше жылдан бері Италияда тұрасыз. Әңгімемізді шетелдегі жұмысыңыздан бастасақ… 

– Көп жыл бойы Қазақстанның өнер саласында, опера өнерінде қызмет еттім. Содан кейін шетелге аттануға тура келді. Қазақстанда музыкалық академияны тәмамдағаннан кейін оқуымды әрі қарай жалғастырмадым. Себебі «Астана опера» театрында басты рөлдерді орындап, күнделікті әнші ретінде жұмыс істеп жүрдім. Бір-екі жылға шетелге шығып, оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады.

2020 жылдың ақпанында «Астана опера» театрымен арадағы келісімшартым аяқталды. Сол арада пандемия басталды. Содан кейін оқуға түсіп, Еуропада өнерімді шыңдап жатырмын.

– Сіздің Рим опера театрында да келісімшарт бойынша жұмыс істегеніңізді білеміз. Сол аралықта қазақ музыканттарының шығармаларын орындау мүмкіндігі туды ма?

– Еуропалық сахна болғандықтан, мұндай мүмкіндік болмады. «Астана опера» театры Италияға гострольдік сапармен барған кезде сахнада Абайдың рөлін сомдадым.

– Италиядағы қазіргі жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Еуропада жүйе басқа, ол жақта агенттік арқылы келісімшартпен жұмыс істейді. Қазақстанда жұмысқа алады, ол жердің келісімшарты басқа. Яғни, штаттағы қызмет. Өзімнің агентім бар. Агентпен келісімшарт жасастық. Жұмысты маған агент тауып береді. Менің жұмыс істеуім оған байланысты. Егер жақсы әнші болсаң, сен арқылы ол да жақсы ақша табады. Мықты болсаң, Еуропада сенімен бірге жұмыс істегісі келеді және сен арқылы ақша табады. Ол арқылы танымал әртіс бола аласың.

– Италия, Миландағы опера өнері десе, Амангелді Сембиннің есімі ойға оралады. Сембинді «Ла Скала» опера театрында өнер көрсеткен алғашқы қазақ ретінде білеміз. Еуропа өнерінің мұраларында қазақстандық әншінің есімі қалай сақталған? Ізденіп, қарап көрдіңіз бе?

– Мен де сол кісілердің өнерін жалғастырушымын. Менің де есімім «Ла Скалада» өнер көрсеткен деп аталғанын қалаймын. Ол әлемдік деңгейдегі опера әншілерінің арманы. Бұл тізімде тек «Ла Скала» ғана емес, Нью Йорктегі Metropolitan, Франциядағы Opéra de la Bastille театры да бар.

Амангелді Сембин тенор болып, сол жақта өнер көрсетті деген ақпарат бар. Бірақ италиялықтардың ол кісіге қандай көзқараста екенін білмеймін. Біз жаңа толқынбыз. Ал ол Совет үкіметі кезінде болған. Оны білемін және ол кісінің «Ла Скала» театрында өнер көрсеткенін мақтан тұтамын.

– Сүндет, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар мен қабылданып жатқан саяси шешімдерді бақылап отырасыз ба?

– Қазақстан азаматы болғандықтан, елде мәдени тұрғыда қандай өзгерістер болып жатқаны мен үшін маңызды.

– Араға 24 жыл салып «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта берілетін болды. Биыл Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады. Сіздің ойыңызша бұл атақ кімге берілуі керек?

– Эстрада саласында Медеу Арынбаевтың еңбегі зор. Операда Майра Мұхамедқызы бар. Димаш Құдайберген де ойыма келді.

Мен ешқашан атақ аламын деп өзім ұсыныс берген емеспін. Ел үшін ерінбей, шаршамай тер төккен адамды атақ өзі қуып жетіп алады деген сөз бар. Қазірге дейін солай.

– Димаш Құдайбергеннің репертуарымен таныссыз ба және ол туралы не ойлайсыз?

– Димашты Қытайдағы I'm a Singer байқауына бармай тұрып, «Славян базарына» барған кезден бастап білемін. 2016 жылы Ресейдегі «Большая опера» деген бағдарламаға да шақырдым. Сол жерде операдан тыс тақырып берілді. Димашты алғаш рет Ресей сахнасына шақырып, естісін деген ұсыныс жасадым. Себебі оның дауысы керемет. Бірге дуэт жасап, өнер көрсеттік.

Димаш – әнші ретінде қазақ еліне берілген бақ. Оны сынамай, әлі де мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіміз керек. Оның стилін, «хит әні жоқ» деп сынаудың қажеті жоқ. Ол музыка тудырады. Оған басқаша қарау керек. Димаш – үлкен музыкант.

– Сіз 2020 жылы Астана опера театынан жұмыстан кеттіңіз. Сол кезде мәдениет және спорт министрлігін басқарған Ақтоты Райымқұловамен қарым-қатынасыңыз қандай?

– 2013 жылы Астана опера театры ашылды. Оған дейін Күләш Байсейітова атындағы опера театры болды. Сол жерде өнерге деген алғашқы қадамды жасадық. Біз неге соны ұмытып кетеміз? Көптеген әріптесім өнер жолын сол жерде бастады. Ол архив болып қалуы керек еді.

2007 жылы жеке әнші ретінде келісімшартқа қол қойдым. 2020 жылға дейін 14 жыл жұмыс істедім, бұл жағынан арманым жоқ. Абайдың бейнесін сомдадым. Баритон дауысты әншілерге бұл арман. Келісімшарт аяқталды деп өздері айтты. Мен оған келіспедім және оған қол қоймадым. «Жұмыс істемейсің» деп шығарып салды.

Ешкіммен арамда жанжал болған жоқ. Театрда болып жатқан әділетсіздікке көз жұма қарай алмадым. Тек мен ғана емес, көптеген әртіс болып, басқа басшының келгенін қаладық.

Тиісті орынға 5 хат жіберілді. Жауабы – менің 2020 жылы жұмыстан кеткенім. Әртістерге тісін көрсетті ме... «Сүндетті жұмыстан алып тастаймыз. Бұған не дейсіңдер?» дегендей болды.

– Содан кейін Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың кеңесшісі болдыңыз. Не себеп болды? Жұмыссыз жүрмеу керек болды ма?

– Пандемия басталған кез... Мені жұмысқа шақырды. Бәрін жариялады. Сол үшін ол кісіге алғыс айтамын. Штаттан тыс қызметкер болдым. Сол жерге барып жұмыс істеген жоқпын. Астанада жүрдім. (...) Өнер адамы болғандықтан, өнерге көмектескім келді. Қостанай облыстық филармониясының басшысы болуға шақырғандықтан, ол жерде көп уақыт жұмыс істеген жоқпын.

– Гүлшара Әбдіхалықова өзі шақырды ма?

– Иә, сол кісінің бастамасымен бардым.

– 2021 жылы туған жеріңізге барып, Қостанай облыстық филармониясының басшысы болдыңыз. Бірақ ол жерде де шу болған еді. Сол жағдайды өзіңізден естісек дейміз.

– Басшы ретінде тәжірибе жинадым. Қазақстанда басшы ретінде жұмыс істеуге болады екен. Барлық жағдай жасалған. Көп нәрсе басшыға байланысты.

Әнші еркін болуы керек. Бұл қызметке барған соң өзінің құрылымы бар. Жоғары тұрғандар мен қол астыңдағы адамдар бар. Бәрі жоғары тұрғандар арқылы келістіріп үйреніп қалған.  (...) Ішкі қарым-қатынас, әртістердің статусы және жұмыс істеу секілді мәселелерді қарастырдық. Өнерге де үлесімді қостым.

Мен қызметтен кетерде халық өзі жиналып, «Сүндет Байғожинді қайтарыңыздар» деп шықты. Олардың арасында филармонияның қаймақтары бар. Меніңше мұндай жағдай Қостанай облысы тарихында бірінші рет болды. «Сапарбаев қайта әкім болсын» дегенді естігенмін, бірақ өнер саласында «мына адам қайта басшы болсын» дегенді бірінші рет көрдім.

– Қызметке қайта шақырса барасыз ба?

– Жоқ. Шетелде еңбек етіп жатырмын. Мансабымды жандандыруым қажет. Қазақстанның есімін әлемге танытсам деген арманым бар. Әлемдік опера сахнасында қазақтың есімі бар, қазақ әншісі бар деген атқа қол жеткізгім келеді.

– Сүндет, уақыт бөліп келгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама