«Қанша табыс тапты?». Әлихан Бәйменов «Қазақмыс» бойынша бірнеше мәселе көтерді
Қоғам қайраткері «Қазақмыс» корпорациясы жер асты байлығынан осы уақытқа дейін қанша табыс таптқанын ашық сұрады
15 сәуірде Қарағанды облысының мәслихаты Ұлытау мен Қарағанды облысының аумағына кіретін аудандар мен қалаларды бекітті.
Жаңадан құрылатын Ұлытау облысына Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал қалалары және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы - Жезқазған қаласы.
Облыстық мәслихаттың шешімінен кейін Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңадан құрылатын Ұлытау облысының халқын жұмыспен қамтып отырған «Қазақмыс» корпорациясына қатысты бәрнеше мәселе көтерді.
«Қазақмыс» жекешеленгеннен бері инвестициялық міндеттерін орындады ма? Жекешелендіру басталғанда сол кәсіпорынға қараған Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш қалаларының коммуналдық шаруашылығы қазір қандай күйде? Жекешелендіру туралы келісімде оларды жаңғырту міндеті кімге жүктелді? Егер ол қала әкімшіліктеріне берілсе, бюджетке «Қазақмыс» компенсация төлеуге міндетті ме еді? Осы жылдары «Қазақмыс» салықтық, тарифтік және басқа жеңілдіктерді пайдаланды ма? Пайдаланса, оның көлемі қандай соманы құрайды?
Әлихан Бәменов жазбасында қайтадан облыс орталығы болайын деп тұрған Жезқазғанда ширек ғасыр бойы жаңа әлеуметтік нысандар бой көтермегенін айтты. Сондай-ақ жер асты байлығынан осы уақытта «Қазақмыс» корпорациясы қанша табыс таптқанын ашық сұрады.
Одан мемлекетке қанша салық төленді? Қазір Қазақмыста мемлекеттің үлесі қанша? Ол қалай басқарылуда? – деп жазды Әлихан Бәйменов.
Сондай-ақ Ұлытау облысының шекарасы туралы Үкіметке ұсыныс енгізгенде Қарағанды облысының әкімі мен маслихаты осы сұрақтарды талдап, талқылағаны жайлы сұрады. Себебі, онсыз жаңа облыстың экономикалық әлеуеті мен бюджеттік мүмкіндіктерін анықтау мүмкін емес. «Экономикалық талдау жүргізді деген Қарағанды университеті ғалымдары сараптамасында осындай ақпаратқа сүйенді ме?» деген сауалды төтесінен қойды.
«Қалың жұртшылық қуана қабылдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі тиянақты жүзеге асырылуы үшін қабылданатын шешімдер кешенді қарастырылуы қажет екені сөзсіз. Маған ел жақтан келіп жатқан сұрақтарға қарағанда аталмыш сұрақтардың жауабынан көпшілік бейхабар. Егер маслихат пен әкім олардың жауабын өздері де түрлі себептермен алмаған болса, Үкімет комиссиясы Президентке ұсыныс енгізерде олардың басын ашып, тиісті шешімді негіздеуде ескереді деп үміттенемін», - деп түйіндеді сөзін.