Halyq Uni логотип
×

Мәсімов пен оның орынбасарлары түгел сотталды: Самат Әбіш неге жауапқа тартылмады?

Самат Әбіш қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды

 Дәурен Ерболат 15.05.2023 | 12:34
Мәсімов пен оның орынбасарлары түгел сотталды: Самат Әбіш неге жауапқа тартылмады?
фото: Halyq Uni

ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш қаңтар оқиғасынан кейін неге жауап тартылмағанына түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Марат Қалқабаевқа журналистер сұрақ қойды.

- Cамат Әбіш қайда? Ол неге жауапқа тартылмады? - деді БАҚ өкілі.

Жауабым қысқа болады. Бұл сұраққа жауапқа беруге құзыретім жетпейді. Құқықтық бағаны құқық қорғау органдары, Бас прокуратура берді. Істі ведомствоаралық жедел тергеу тобы тергеді, - деді төрағасы орынбасары.

ҰҚК өкілі Самат Әбіштің қазір қайда екенін білмейтінін жеткізді.

Мен білмеймін. Комментарий бере алмаймын. Ол кісі (жұмыстан) кетіп қалды. Қателеспесем, ақпанда кетті. Қазақстанда шығар, осы елдің азаматы ғой. Ол біздің бақылауымызда емес, - деді Марат Қалқабаев.

Одан бөлек, Марат Қалқабаев бұрын ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған Самат Әбішпен дос болмағанын, тек әріптес болғанын айтты.

Журналист: Мысалы, қаңтар оқиғасы кезінде. ҰҚК қызметкерлерінің бәрі Мәсімовтың бұйрығын орындады. Дұрыс қой? Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды....

Марат Қалқабаев қаңтар оқиғасы кезінде бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің әрекетіне толық құқықтық баға берілгенін жеткізді.

Тергеуде бәрі анықталды. Сұрағыңызды түсіндім. Бәрін айта алмаймын. Бұйрық болған жоқ… Ол (Кәрім Мәсімов) тиісті шешімді қабылдамады, - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.

Еске салайық, 2022 жылдың 17 қаңтарында Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама