«Алма-Ата деп айта беремін». Зеленский санкция салған ресейлік дизайнер Алматы әкімдігінде не істеп жүр
Ресейлік дизайнер 9 сәуірде Ерболат Досаевпен кездесті
Қазақстандықтар ресейлік дизайнер Артемий Лебедевтің Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездескенін қызу талқылай бастады.
9 сәуірде ресейлік дизайнер Артемий Лебедев желіде Алматы әкімімен түскен фотосуретін жариялап, «Алма-Ата әкімі Ерболат Досаевпен таныстық», деген пікір қалдырды.
Оқырмандар дизайнер ге ескерту жасап, оның жазбасына қала атауы қате жазылғаны (Алма-Ата) туралы жаппай пікір қалдыра бастады.
Бірнеше күннен соң дизайнер кезекті видео-жазбасын жариялап, онда Қазақстаннан Ресейге қатынайтын тікелей әуе рейстері жоғын айтып шағымданды. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдіктерден ПТР-тест талап ететіне көңілі толмай, онысын дөрекі түрде жеткізді.
Егер сіздер қазір Қазақстанға баруды жоспарлап отырсаңыз, ол жақта ерекше садистік процедура барын біліңіз, - деді ол.
Сонымен бірге Лебедев қаланың атауына қатысты ескерту жасағандарға да жауап берді.
«Мен Алма-Ата деп айтқанмын, солай айта беремін. Маған солай айтқан ұнайды. Айтпақшы, Алма-Атаның жарты халқы солай айтқанды ұнатады», - деп қосты ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін ресейлік дизайнер бірнеше рет дауға қалған болатын. Атап айтқанда ол Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап пікір білдірді. Сол жағдайдан кейін Украина президенті Владимир Зеленский Лебедевке санкция салды. Бұған қоса дизайнердің компаниясының қатысуымен жасалған өнімдерді Украина жерінде сатылуына да тыйым салынған. Оның бір себебі - Лебедев 2014 жылдан бері Ресей-Украина соғысы туралы фейк ақпараттарды таратып келеді.
Елдің назарын аударған тағы бір мәселе - ресейлік дизайнердің Алматы қаласы әкімімен не үшін кездескені.
9 сәуір күні «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Андрей Шовкопляс дизайнермен бірге түскен суретін жариялап, Алматының дизайн-коды және т.б. қызықты мәселені талқылағанын жазды.
Осыған байланысты Halyq Uni редакциясы Алматы әкімінің ресейлік дизайнермен не мақсатта кездескенін, Артемий Лебедевпен бірлескен жоба жасау жоспарында бар-жоғын білу мақсатында ресми сауал жолдады.