Қазір AIBA-ның күні жақындап қалды
Кеше Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында 7 боксшымыз ширек финалға шықты.
Бүгінгі жекпе-жектер Астана уақытымен түскі сағат 15:00 мен кешкі 19:00-де басталады.
Ұлттық құрамадан бірінші болып Ташкент төрінде керілген шаршы алаңға 57 келі салмақтағы Серік Теміржанов шығады. Ол кубалық Сайдель Ортамен қолғап түйістіреді. Олар үшінші жұп болып рингке көтеріледі. Одан кейін Асыланбек Шымбергенов (71 кг) франциялық Макан Траоремен, 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбай иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Ишайшпен жекпе-жекке шығады.
Кешкі сессия 48 келі салмақтағы Санжар Тәшкенбай мен жапониялық Кадзумо Аратаке жекпе-жегімен басталады. Содан кейін Махмұд Сабырхан (54 кг) ганалық Мохаммед Амадпен жартылай финалға жолдаманы сарапқа салады. 67 келі салмақта Дулат Бекбауов мексикалық Мигель Анхел Мартинеспен жұдырықтасса, кештің ең соңғы айқасында ең ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев өзбекстандық Баходир Джалоловпен жекпе-жекке шығады.
Осылайша, бүгін күні бойы 7 боксшымыз жартылай финалға жолдаманы салапқа салады. Олардың қарсыластары да осал емес. Әсіресе, аса ауыр салмақтағы Қоңқабаевтың қарсыласы қазір әлемдегі №1 боксшы – Баходир Жалолов. Осыған байланысты бүгін біз белгілі спорт маманы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Қайыр Жарылқасыновтан ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы жекпе-жектері туралы сұраған едік.
- Қайыр Салиұлы, Қазақстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына дайындығынан хабарыңыз бар ма? Боксшылардың жекпе-жектеріне қандай баға берер едіңіз?
- Иә, хабарым бар. Боксшылардың дайындығы жаман емес. Жартылай финалға шыға ма деп үміт артып отырмыз. Бүгін ширек финалда өнер көрсететін барлық боксшымыз да тәуір спортшылар. Менің ойымша, Махмұд Сабырхан, Асыланбек Шымбергенов, Серік Теміржанов, Нұрбек Оралбай мен Дулат Бекбауовтың келесі кезеңге шығатын мүмкіндігі бар.
Боксшыларымыз жаман емес. Егер төрешілер жағынан бармақ басты, көз қысты әрекет болмаса, олар жартылай финалға шығады. Төрешілерден сақтанатын болдық қой.
- Жігіттерде де қателік болған шығар. Бес саусақ бірдей емес қой.
- Иә, әрине. Оған сөз бар ма?! Жігіттерде де қателік болып жатыр. Мысалы, маған Талғат Сырымбетовтың айқасы мүлде ұнаған жоқ. Ойлау қабілеті шамалы екен. Боксшыда интеллект деген болу керек. Ал Талғаттан интеллектіні мүлде көрген жоқпын.
Жалпы, ¼ финалда боксшыларға сенім бар. Бәрі жақсы дайындалған. Енді тағы қайталап айтсам, төрешілер жағынан аяқтан шалу болмаса, жартылай финалға шығуға тиіс.
- Қамшыбек Қоңқабаевты да ½ финалға шығады деп ойлайсыз ба?
- Қамшыбектің көңіліне келмесін, ол Жалоловты жеңе алмайды. Қазір Жалолов – әлемдегі №1 боксшы.
- Төрешілердің «қызметі» туралы айтып қалдыңыз. Жалпы, жекпе-жектер қалай болып жатыр?
- Бибосыновты сұрағыңыз келіп тұр ма?
- Ол да бар...
- Мен оның жекпе-жегін қараған жоқпын. Оның айқасын көрген адамдардың айтуынша, Сәкен жеңілген. Енді бокс болғаннан кейін бәрі болады. Бірде жеңіледі, бірде жеңеді. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Одан трагедия жасаудың керегі жоқ. Биылғы әлем чемпионатына АҚШ бастаған біраз Батыс елдерінің құрамалары келген жоқ. Ресейді әлемдік додадан көргіміз келмейді деп бойкот жариялады. Сондықтан болашақта бокс Олимпиаданың бағдарламасына кірмеуі де мүмкін. Қазір Батыс мемелкеттері Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына (AIBA) балама федерация ашып жатыр. Мүмкін, біздің елге алдағы уақытта Халықаралық бокс қауымдастығынан шығып, Батыс елдері құратын ұйымға мүше болу керек шығар. Бұл – менің өз ойым.
- Одан біздің ел не ұтады?
- Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын Ресейдің азаматы Умар Кремлевтің басқарып отырғанын білесіздер. AIBA – жемқорлық жайлаған ұйым. Ақша қай жерде көп болса, сол жерде жемқорлық болады. Негізі жемқорлық туралы әңгіме бұрыннан айтылып келе жатыр. Ал 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін бұл тақырып тіптен қызу талқыланып келеді. Сол кезде Василий Левиттің қалай жеңілгенін көрдіңіздер ғой. Төрешілер ешкім ойламаған жерден жеңісті ресейлік боксшыға бере салды. Левиттің алтын жүлдесін миллиондаған жанкүйердің көз алдында ұрлады. Сол уақытта айқай-шу басталды. Көп ел реферилерді кінәлады. Енді менің ойымша, қазіргі бокс қауымдастығы жабылады. Оның уақыты аз қалды. Ал Батыс елдері – өркениетті, дамыған мемлекеттер. Оларда ақшаға сатылу деген әңгіме болмауы керек.
Қазір AIBA ұлттық құрамалардан көп ақша жинайды. Ұлттық құраманы сақтандыру керек, төрешілерді сатып алу керек дейді. Әйтеуір «керектері» көп.
Қазақстан бокс федерациясы соңғы 4 жылда жаман жұмыс істеген жоқ. Бар проблема облыстық, қалалық, аудандық федерацияларда болып тұр. Мысалы, Астана қаласының бокс федерациясы ересек боксшылардың жарыстарына ақша бөлген жоқ. Ақша болмаса, жарысқа қайдан барады? Қалай дайындалады? Федерацияның алға қойған мақсатын көрмедім. Жоқ десе болады.
Жақында жастар құрамасының аға жаттықтырушысы ауысты. Қазір әр жас бойынша жаттықтырушылар жақсы жұмыс істеп жатыр. Мен кезінде ұлттық құраманың тізгінін Ғалым Кенжебаев ұстағанда қуанғанмын. Соған үміт артқанмын. Бірақ ол сенімнен шыққан жоқ. Ол боксшыларды Геннадий Головкинге ұқсатып дайындағысы келді. Яғни, қара күшке сеніп, алға ұмытыла беру керек деп ойлады. Олай болмауы керек қой. Қазір біз бокс мектебімізді жоғалтып бара жатырмыз. Ал бокс деген – үлкен өнер. Бокста интеллект болу керек. Бокс бас жоқ, көз жоқ, алға ұмытыла беру емес. Олай болмайды. Кезінде Серік Қонақбаев рингке шыққанда Олжас Сүлейменов: «Я вижу поэзию бокса» деген екен. Яғни, боксты ол шығармашылыққа теңеген.
Біздің қазақ бокс мектебінің өз стилі бар. Ойнап жүріп бокстасу керек. Кезінде Бекзат Саттархановта сондай стиль болған. Қазір Серік Теміржановтың боксына қарап қуанып отырмын. Басқа боксшыларымыз да соны жалғастырса, қазақ өз стиліне оралады деген сөз. Бұған қуану керек.
Сондықтан ширек финалда былғары қолғап шеберлерімізде сондай «поэзия бокса», сондай қазақтың бокс мектебінің стилі болса деп тілеймін! Сонда жартылай финалдың, әрі қарай финалдың төбесі көрінеді.
- Әңгімеңізге рахмет!