Halyq Uni логотип
×

Жеңіс шеруіне барған Лукашенко Мәскеуден шұғыл кетуге мәжбүр болған (ВИДЕО)

Беларусь басылымы оның шеру барысында қолы таңылғанын жазды

 Еркеғали Болатұлы 10.05.2023 | 10:28
Жеңіс шеруіне барған Лукашенко Мәскеуден шұғыл кетуге мәжбүр болған (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Мәскеуде Жеңіс күніне орай өткен шеруде Беларусь президенті Александр Лукашенко сырқаттанып қалды. БАҚ мәліметінше, әуежайдан оны жедел жәрдем көлігімен алып кеткен.

Салтанатты рәсімнен кейін ТМД президенттері жаяу серуендеу үшін Александр бағына бет алған. Араларында тек Александр Лукашенко ғана электромобильмен жеткізілген. Ал серуеннен кейін мемлекет басшылары Кремльдегі бейресми таңғы асқа жиналғанда олардың қатарында Беларусь президенті болған жоқ.

EADaily басылымы Жеңіс күніне орай өткен шеруден кейін оның науқастанып қалғанын хабарлады. Денсаулығының нашарлауына байланысты Лукашенко шұғыл түрде Мәскеуден кетуге мәжбүр болған.

Әуежайда 68 жастағы Александр Григорьевич Ресей президенті Владимир Путинмен бірге түскі асты емес, жедел жәрдем көлігін күтіп отырған, - делінген ақпаратта.

Ал «Белсат» басылымының Telegram-арнасы Лукашенконың шеру барысында қолы таңылғанын жазды. Сонымен қатар, шеру кезіндегі салтанатты рәсімде президенттің орнына Беларусь Республикасының Қорғаныс министрі Виктор Хренин сөз сөйледі.

БАҚ-тың хабарлауынша, Лукашенко бұл жолы Жеңіс күніне орай өткен шеруде алғаш рет сөз сөйлемеген. Алайда әзірге оның денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме де, түсініктеме де жоқ. Баспасөз қызметі де БАҚ-та тараған ақпаратқа ешқандай түсінік бермеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама