24 маусымда Алашорданың Әскери кеңесі құрылды
1918 жылдың 24 маусым күні Алашорда Үкіметінің құрамында Әскери кеңес құрылған еді. Оған Қорғаныс министрінің міндеті мен құзыры жүктеліп, қазақ елінің тарихында тұңғыш тұрақты Ұлттық Армия құрылған күн болды. Соған байланысты «Отан қорғаушы күнін» 7 мамырдан 24 маусымға ауыстыру керек пе? Бұл сұраққа тарихшылардың пікірін біліп көрдік.
Тарихшы Сұлтанхан Жүсіптің айтуынша, тұңғыш Қорғаныс министріміз – офицер Хамит Тоқтамысұлы болған. Ол Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, сол кездегі шені – штаб капитаны болған. Көп ұзамай полковник шені берілген. Сондықтан еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі де тарихқа алтын әріппен жазылу керек деген ұстанымын айтқан еді.
Қазір тәуелсіздік алғаннан кейін Қарулы Күштердің құрылған күні деп 7 мамырды айтып жүрміз. Ал ол күн тұңғыш президентіміздің үлкен қызы – Дариғаның туған күніне әдейі орайластырылып берілген нәрсе. Ал шындығында тұңғыш Қарулы Күштеріміз осыдан 104 жыл бұрын құрылды деп айтуға болады, – дейді тарихшы.
Қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлы да бұл бастаманы қолдайтынын айтады. Оның сөзінше, атаулы күнді 12 маусымға ауыстыру елдің рухын көтеру тұрғысынан өте керек.
Ал тарихшы Болат Сайланның айтуынша, датаны өзгерте бергеннен пайда жоқ. Оның үстіне, құжатқа қол қойылған күнді ескеруіміз керек. 1992 жылы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды.
Әуелде бізде Мемлекеттік қорғаныс комитеті болды. Кейін ол Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Президент Жарлық шығарғанымен, Қарулы Күштердің аяқтан тұрып, нығаюына алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов көп еңбек сіңірді. Сондықтан күнді ауыстыруға қарап тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, Жеңіс күні 9 мамыр болғанымен, соғыс қимылдары одан кейін де жалғасып жатты. Бірақ біз сол күнді ресми түрде атап өтеміз, – дейді тарихшы.