Пригожин 10 мамырда «Вагнердің» Бахмуттан кететінін ескертті (ВИДЕО)
Екі шақырым қалғанда артқа шегінуге мәжбүр боламыз, - деді ол
«Вагнер» жеке әскери компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Евгений Пригожин 10 мамырда тиісті қару-жарақ жеткізілмесе, Бахмут қаласын тастап кететінін мәлімдеді.
Ол Ресей президенті, қарулы күштердің бас қолбасшысы Владимир Путинге, қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен қарулы күштердің бас штабының басшысы Валерий Герасимовқа видеоүндеу жолдады.
Оның айтуынша, «Вагнер» әскерінің снаряд тапшылығын көріп келе жатқанына біраз уақыт болып қалды.
Қазір «Вагнер» жеке әскери компаниясының жалдамалылары снаряд тапшылығын көріп жатыр. Егер 10 мамырға дейін бізге тиісті қару-жарақ жеткізілмесе, біз сол күні-ақ Бахмутты қалдырып, тылға кетеміз, – деді Евгений Пригожин әскерінің ортасында қолына қағазын ұстап тұрып.
Одан әрі ол қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен қарулы күштердің бас штабының басшысы Валерий Герасимовты тағы да кәнілап, қалыптасып отырған жағдайға негізінен осы адамдардың айыпты екенін мәлімдеді.
Менің жігіттерім Бахмутта оқ-дәрісіз қалды. Біз осында келе жатқанда мұндай масқара болады деп ойламап едік. Сондықтан 10 мамырда дейін артиллериялық снаряд пен басқа да қару-жарақ жеткізілмесе сол күні біз Бахмут елді мекенінен шығамыз. Бізге 45 шақырымнан қалғаны екі шақырымдай ғана еді. Бірақ жоғарыда отырған әлдеқандай бір ақжағалы шенеуніктердің біздің «жеңісімізді» көре алмағынан бізге Бахмуттан шегінуге тура келеді. Егер «Вагнердің» Бахмутты басып алғанын көре алмасаңдар, онда бұл – өз проблемаларың, – деді ол.
Пригожиннің айтуынша, «Вагнер» 9 мамырға қарай Бахмутты басып алғысы келген. Алайда, әуелі 100 пайыз жеткізілуі тиіс оқ-дәрілер 30 пайыз ғана беріліп тұрған. Одан кейін тіпті 10 пайызы ғана берілетін болған. Ал 1 мамырдан бері оқ-дәрі жеткізіп тұруды мүлде тоқтатқан. Мұндай жағдайда соғысу мүмкін емес. «Вагнер» Бахмуттағы майдан шебінде 400 күн болған. Ал жалпы команда былтырңы жылдың 19 наурызынан бері осында жүр.
Бұған дейін бұрын Пригожин Ресейдің әскери басшылығын балағаттаған видеосы жариялаған болатын.