Halyq Uni логотип
×

Жеңіл салмақтағы боксшыларға үміт артамын – Кәрімжан Абдрахманов

КСРО чемпионы әлем чемпионатында бақ сынап жатқан қазақстандық боксшылар туралы айтты

 Дастан Жұмабекұлы 04.05.2023 | 13:15
Жеңіл салмақтағы боксшыларға үміт артамын – Кәрімжан Абдрахманов
фото: Кәрімжан Абдрахмановтың жеке архивінен

Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты қыза түсуде.

Бүгін – әлемдік доданың төртінші күні. Әзірге боксшыларымыздан Сағындық Тоғамбай (80 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Айбек Оралбай (92 кг) 1/32 финалдағы алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетсе, Талғат Сырымбетов (60 кг) екінші кездесуінде қарсыласынан есе жіберуге мәжбүр болды.

Бүгін 1/16 финалда Санатәлі Төлтаев Маврикийдің өкілі Ришарно Колинмен қолғап түйістірсе, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Алексей Дроновпен жұдырықтасады.

Қазір Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жекпе-жектері, дүрмекті додаға алғаш рет қатысып жатқан жас боксшыларымыздың аяқалысы туралы бокс мамандары да ойларын айтып, пікірлерін білдіріп жатыр. Бәрі де боксшылардың жанында болса, ағалық ақылдарын айтқысы келеді. Бәрі де көгілдір экранның алдынан шықпай, делебесі қозып, жастарымыз үшін жанын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Солардың бірі – бокстан аты аңызға айналған аға буын өкілі Кәрімжан Абдрахманов.

Кәрімжан Балтабайұлы – ең жеңіл салмақта 1984 – 1990 жылдар аралығында Кеңес Одағының құрамында болған боксшы. 1985 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 1984, 1990 жылдары КСРО чемпионы атанған. КСРО-ның халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы.

Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) халықаралық дәрежедегі төрешісі, жаттықтырушы болып қызмет етіп келеді.

- Кәрімжан Балтабайұлы, әлем чемпионатында ұлттық құрамадан кімдерге үміт артасыз?

- 48, 51, 54, 57 келі салмақтағы жігіттерге.

- Бәрі де жеңіл салмақтағылар екен. «Ауыр артиллерияға» оңай болмайды дейсіз ғой.

- Иә, Санжар Тәшкенбай, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановқа үміт артамын. Жалпы, мен бәрін бөліп-жарып айтқым келмейді. 13 боксшының бәрі жақсы. Кімнің бағы жанады, сол чемпион болады.

Біз боксшыларымыздың әлем чемпионатына қатысып жатқанына қуанамыз. Біз КСРО кезінде жарыстарға қатыстық. Енді әлемдік додада жігіттерге жанкүйер боламыз. Бәрі өздерінің қолында. Құрамада болашағынан зор үміт күттіретін жастар бар. Жекпе-жекке шыққанда соңына дейін күресу керек. Рингте әртүрлі жағдай болады. «Төбелесте шындық жоқ», дейді ғой. Әлем чемпионатының алғашқы күндері төрт жігітіміз жеңіске жетті.

Кеше өкінішке қарай, Талғат Сырымбетов қарсыласынан жеңіліп қалды.

- Бұл біздің құраманың бірінші жеңілісі болып тұр ғой. Талғаттың жеңілісі туралы не айтар едіңіз?

- Талғат «драчун» ғой. Төбелесіп бокстасады. Шаршы алаңда қарсыласын өзіңе тартып айқасу керек. Алға ұмтылып, артқа шегініп, бірге ұру керек еді. Оған қарсыласын күтпеу керек еді. «Встречная контратака» дейді ғой. Қарсы шабуыл жасап ұру керек еді. Егер қарсыласың ұрса, оның соққысын күтпей сен де ұрсаң соққың тиеді. Ал егер атылып жүрсең соққың дарымайды. Енді басқа да боксшылар бар ғой. Көреміз.

Жалпы, Мырзағали Айтжановтың командасы мықты. Жаттықтырушылары да мықты. Олардың бәрі Олимпиада, әлем, Азия чемпионатын көрген. Мырзағалидың өзі өте тәжірибелі жаттықтырушы. Өзі кезінде жастар арасында Еуропа чемпионы болған. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Ол талай жас жігіттерді жарыстарға апарды. Солардың бағы жанды. Боксшыларымыз Олимпиада, әлем чемпионы болды. Сәпиевтің атын шығарды.

Марат Жақиев – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының жүлдегері, спорт шебері. Ол кезінде КСРО құрамасының мүшесі болған. Өте мықты боксшы болған еді.

Нұрлан Ақүрпеков – Бақтияр Артаевты бала кезінен боксқа дайындаған мықты маман. Кейін Бақтияр Олимпиада чемпионы болып, «Вэл Баркер» кубогын алды. Мен Нұрланның Бақтиярды кішкентай кезінен бастап дайындағанын көрдім.

Ал боксшылардың жекпе-жектері туралы көп сөйлеуге болмайды. Көз тиеді.

- Сізде сондай жағдай болды ма? Көз тию дегенге сенесіз бе?

- Мен ырымшыл емеспін, діндармын. Бірақ, Ислам діні қазақ даласына келгенде халқымыздың салт-дәстүріне, салт-санасына көп әсер еткен жоқ. Мұсылманмын. Ал, көз тию деген болады. Бокстасқанда әртүрлі жағдайдың болатынын білемін. Кезінде жарақат алғанбыз. Жекпе-жек алдында тамақ ісіп, суық тиіп қалатын.

Бокста ұтсаң да ұтылсаң да таяқ жейсің. Сондықтан кірпік қақпай жүру керек. Көзіңді бір сәт жұмсаң қалай ауыр соққының алып қалғаныңды білмей қаласың. Бокс деген сондай қатыгез спорт түрі. Рингте көзіңді жұмбай айқасу керек.

- Бүгін Қамышыбек Қоңқабаев шаршы алаңға шығады екен. Ол туралы не айтасыз?

- Қамшыбекке қиын болады. Оның салмағында Баходир Жалолов бар ғой.Қамшыбек кезінде Жалоловты ұтып жүрген. Ал қазір Баходир мықты. Денесі қатайған. Ол Олимпиада, әлем чемпионы болғаннан кейін тіпті, күшейіп кетті. Әттең, қазақтан ауыр салмақтағы бір спортшы әлем чемпионы бола алмай жүр. Барлық спортты айтамын. Қажымұқан атамыздан кейін әлі ешкім әлем чемпионы болған емес. Қажымұқанның деңгейіне әлі жете алмай келеміз. Бокста Мұхтархан Ділдәбеков болып еді. Оның өзі Олимпиаданың күміс жүлдесін алды. Маған осы чемпионатта 92 келі салмақтағы Айбек Оралбайдың боксы ұнап отыр. Тіл-көзіміз тасқа, біраз жерге баратын сияқты.

Иә, бүгін Дроновпен бокстасады. Дронов та оңай шағылатын жаңғақ емес. Биылғы чемпионатқа Ресей жақсы дайындалып келген сияқты. Олар чемпионатқа Олимпиада, әлем чемпионы болған адамдарын апарыпты дегенді естіп жатырмын. IBA президенті Кремлев бәрін апарыпты. Лебзяк барған екен. Александр Лебзякты өзің білесің, 2000 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы. Одан басқа да атақты боксшыларын апарған. Қазір олар ұлттық құраманың жанынан табылып, ақыл-кеңестерін беріп жатыр. Боксшыға солардың ақыл-кеңестерін тыңдап, қолдауын сезінсе бұдан артық не керек?!

Енді әлем чемпионатынан жақсылық күтеміз. Жарысқа кубалықтар да мықты құрамын әкелген екен. Ал Өзбекстан бұрыннан мықты команда. Өзбекстанның бокс мектебі бізден бұрын ашылған. Мен кезінде талай өзбек боксшыларымен кездестім. Бет қаратпайтынмын. Олар бесінші бұрышты іздейтін. 100 рет турникке тартылатынмын, 500 рет кеудені жерден көтеретінмін. Біздің кезімізде Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко, Валерий Рачков сияқты талантты боксшылар болды. Қазақ боксқа Серік Керімбекұлының арқасында барды ғой деп ойлаймын. Серік Қонақбаев болмағанда біздің боксымыз кенже қалушы еді. Осы ағаларымызға талай жастар еліктеп, Олимпиада, әлем, Азия чемпионы атанды. «Вэл Баркер» кубогын алды.

- Өткен жолы Асылбек Қилымов ағамызбен сөйлескенде бокста клинчты алып тастап, қолғапты өзгерту керек деп еді. Сіз де солай ойлайсыз ба?

- Иә, дұрыс айтады. Клинчтың керегі жоқ. Қолғапты да өзгерту керек. Біздің кезімізде қолғапты аттың құйрығынан жасайтын. Ол жеңіл болатын. Сондай қолғаппен қарсыластың есін таңдырып жіберуге болады. Ал қазіргі қолғаптар жыртылып кетеді.

Бокстың ережесі ешқашан өзгермейді. Бірақ соққыларды өзгертуге болады. Біздің әлем чемпионатына барған боксшыларымыздың бәрі жақсы. Соларға сенеміз. Жанкүйер боламыз. Енді маңдайға жазылған тағдыр деген бар. Тағдыр не жазса сол болады. Қазір тақымымызды қысып отырмыз. Мен мына боксшы чемпион болады, мына жігіт жүлде алады деп ерте айтқым келмейді. Өйткені, тіл, көз деген бар. Тіл-көзден сақтаса, жігіттер біраз жерге барады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама