Мәжіліс депутат шекарашылардың қазіргі жағдайын көріп қайтты
Мәжілістің кешегі отырысында депутат Жанарбек Әшімжан құзырлы орындардың назарын ҰҚК шекара қызметіне қарасты Алматы облысындағы шекара бөлімшелеріне аударғысы келетінін айтты. Депутат жақында әр шекара бөлімшесіне жеке-жеке барып, шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысқан.
Оның айтуынша, Қытай және Қырғыз елімен шектесетін аймақтардағы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат», сондай-ақ, «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелең», «Алма арасан» шекара бөлімшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сын көтермейді.
Арнайы мақсаттағы басқармаларға қарасты нысандардың да дені тозып, күйреудің аз-ақ алдында тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттардың бәрі күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыру мәселесін реттеуді, биік қоршаулар салуды, бейнебақылау мен электр энергиясы жүйесін жабдықтауды және оқу-жаттығу орталықтарын салуды талап етеді. Ал соңғы 5-6 жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржы көлемі өте аз.
«Ащы да болса айтайын, «Саты», «Рабат» заставасындағы шекарашылар 90-жылдардың тоқырауында қалып кеткен ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Панфилов ауданындағы шекара басқармасы сонау 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын тұрғын-үйлердің төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп, спорт залы, кітапхана, мәжіліс залы күресінге айналудың аз-ақ алдында тұр», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, шекарашылар тұрып жатқан ғимараттардың сапасынан бөлек, шекара басқармалары мен заставалар орналасқан аумақтың қоршаулары да тозған.
Түрлі қару-жарақ сақтайтын стратегиялық нысандар адам бойындай ғана ескі қоршауда тұр. Оны «жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді», - дейді депутат.
Депутат құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын дереу тексеруді, Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шұғыл арада шешуді ұсынып отыр.