Тіпті, атында көше де жоқ, - деді ол
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Данияр Қасқараев Ауған соғысында ерлік көрсеткен «Қара майор» лақап атымен танмал Борис Керімбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынды.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.
Иә, бұл – күрделі соғыс, кеңестік майдан. Дегенмен осы жан қазақтың кім екенін танытты. Осындай ержүрек азамат әлі батыр атағын алған жоқ. Тіпті, атында көше де жоқ. Борис Түкенұлының батырлығын насихаттайтын әдеби шығарма жазылып, көркем фильм түсірілмеген, - деді депутат.
Сондай-ақ ол осындай батырлардың неге елеусіз қалатынына қынжылыс білдірді.
Бүгінде қазақ әскерінің кескінін қалыптастыруда кемшін қалып жатырмыз. Өкінішке қарай Отан қорғау ісі бүгін мақтаныш, абыройлы міндет бола алмай жүр. Бұған басты себеп – қазақ сарбазының жағымды образын жасай алмай қалдық. Біздің соғыс туралы туындымыз ІІ Дүниежүзілік соғыспен бітіп жүр. Ал ағаларымыз қан кешкен Ауған соғысы өз бағасын алған жоқ. Бейбітшілік іргесі шайқалмау үшін біз бар майданда рухтық тұрғыдан сай болуымыз керек, - деді Данияр Қасқараев.
Сол себепті, ол биліктен «Қара майор» образына жаңаша қарап, батырдың ерлігін ескеріп, оған «Халық қаһарманы» атағын беруді сұрады.