Halyq Uni логотип
×

«Құр популизм»: cарапшы автонесие бағдарламасындағы өзгерістерді сынады

Сарапшы көлік алғысы келетіндерді жаздың соңын, не күздің басын күтуге шақырды

 Ербол Тұрымбет 03.05.2023 | 09:39
«Құр популизм»: cарапшы автонесие бағдарламасындағы өзгерістерді сынады
Фото: Halyq Uni

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өзгерістер енгізілгелі жатқанын хабарлады. Солардың бірі белгілі бір жалақысы бар адамдарға шектеу енгізу көзделіп отыр. Жалақысы белгіленген шекті мөлшерден асып кетсе, көлік ала алмайды. Сөйтіп бағдарлама мұқтаж жандарға арналмақ. Жалақының шекті мөлшері осыған дейін көлік алған адамдардың орташа жалақысы бойынша есептелмек. Оны бір ай ішінде қолданысқа енгізу көзделген.

Егер жалақының шекті мөлшерін белгілейтін болса, табысы орташа азаматтар ала алмай қалуы мүмкін ба? Ондай жағдайда көлікті тек табысы төмен азаматтар ғана сатып алуы керек болады. Ал олар онсыз да несиеге батып отыр. Демек, бағдарлама жұмыс істемей қалмай ма?

Бұл сұрағымызға қаржыгер Эльдар Шамсутдинов мынадай пікір айтады. Оның сөзінше, қазіргі көлік саудасының азаю себебі ресейлік сатып алушылардың келуі тоқтады. Олар көлікті Қытайдан немесе Армения мен Грузиядан тасып жатыр. Біздің елде де сатып алушылардың төлем қабілеті нашарлады. Автосалондардағы көлік саудасы 50%, тіпті 80%-ға дейін несие арқылы жүретін болса, қазір сол несиеге көлік алатындар қатары екі есе азайды.

Министрлік жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша қаңтарда 5 млрд теңге жинаймыз деп жариялағанымен, бірнеше айдың жүзі болды, соған әлі жете алар емес.

Егер несие уақытылы қайтарылатын жағдайда берілетін болса, онда жалақы да оны төлеуге жететіндей болу керек. Ал министрліктің қазіргі шаралары «бағдарлама халыққа арналған» деген популизм ғана. Ақырында автонесие төлем қабілеті нашар азаматтарға беріле бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда қарызын қайтарғысы келмей қалатындар шығады. Алған көлігін бір жыл айдап, сосын өздерін дефолт деп жариялап, көлігін қайтарып бере салатындар болады. Алайда қазір автодилерлер де «несиені кейін төлеу» тәртібімен берілген көліктерді қазір қайтарып алмайды, – дейді сарапшы.

Дегенмен, сарапшының пікірінше, банктер де ол жағын ескеруге тиіс. Өйткені, олар да дефолт болатын несие бергісі келмейді. Әйтсе де министрліктің не ойлап отырғаны беймәлім. Қандай жалақы мөлшерін белгілейтінін айту қиын.

Тек автокөлік не тұрғын үй сатып алғысы келетіндер болса, жаздың соңы мен күздің басын күту керек екенін айтады. Өйткені, сол кезде нарық сатып алушының ыңғайына жығылады. Сондықтан саудаласуға болады.

Оның үстіне, күздің ортасына қарай автодилерлер мен құрылысшылар жаңа субсидия беруге лобби жасайды деген сенімде. Сол уақытта бағалар да қайтадан көтерілмек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама