Halyq Uni логотип
×

«Тергеу барысына жасалған қысым деп ойлаймын»: Вице-министр өзін өртеген әйел туралы

Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс аяқталуға жақын

 Ербол Тұрымбет 13.04.2022 | 14:07

Айта кетейік, 11 сәуірде елордада Mudarabah Capital қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салған әйел жұрттың көзінше өзін өртеп жіберді. 1990 жылы туған әйел жедел жәрдем көлігімен 1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіліп, реанимация бөліміне жатқызылды.

Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары аяқталуға жақын екенін айтты. Қазір заңға сай жапа шеккендер мен айыпталушы тараптар іс материалдарымен толық танысып жатыр. Ол үшін біршама уақыт керек.  

«Ол іс бойынша 14 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның ішінде 6 адам қамауда, тағы бірнешеуі үйқамақта. Тағы екеуі кепілдікпен отыр. Тағы бірнешеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Ешкім жауапкершіліктен босатылмайды. Сол себепті кішкене шыдамдылық танытып, тергеудің нәтижесін күтіңіздер», - дейді Марат Қожаев.

Вице-министрдің айтуынша, алаяқтардың құрбанына айналған адамдар түрлі психофизиологиялық қысымға ұшырайды. Кейбіреуі сондай қысымға шыдамай жатыр.

«Жапа шеккендердің бірі көптің көзінше өзін-өзі өртеді. Меніңше, ол тергеу органдарына қысым көрсету мақсатымен осындай әрекетке барды. Абырой болғанда, өшіріп үлгерді. Ол қазір ауруханада, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Мынаны білу керек, бұлтартпау шарасы дегеніміз - жаза емес. Ол тергеудің әділ жүруі үшін керек. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің кейбірі кімнің қамауда отыруы керек екенін өздері «анықтап» алған. Ондай эмоция болып тұрады. Алайда біз бұл жағдайды эмоциямен емес, заң талаптарына сай жүргізуіміз керек», - дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Бұған дейін Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азимжан Саидбаев сияқты танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. 2021 жылы вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастаған. Үшеуі де компанияның құрылтайшысы болған.

2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital қаржы пирамидасы деп танылып, компания иесі ұсталды. Бұл қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті деп танылды.

М.Төребаев пен М.Шерниязов 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде кепіл төлеп, соттың соңғы шешіміне дейін бостылды. Ал, шетелге қашып кеткен А. Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама